Жергілікті басқару орындарының бюджеті субвенциямен толығып отырады

09.06.2017 15:31

Жергілікті басқару орындарының бюджеті субвенциямен толығып отырады. Өйткені ауылдық аймақтардың аз бөлшегі ғана өз шығындарын жаба алады екен. Сенаттың кезекті отырысында өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатпен таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазіргі уақытта еліміздің қаржы жүйесі үш кезеңнен тұратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл-аймақтарға арнайы бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бірақ мәселе 2 жарым мың әкімшілік туралы болып отыр.

«Заң жобасында көрсетілген өзгерістерге сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, адам саны 2 мыңнан асатын ауылдық округ деңгейіндегі өзін-өзі басқару орындарына бюджеттің төртінші кезеңі енгізіледі. Ал 2020 жылдан бастап, барлық аймақтарға енгізіледі», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.

Министрдің айтуы бойынша, ауылдық аймақтардың қаржы көздері болып салықтық түсімдер, жеке тұлғалардан мүлікке алатын салықтар, көлікке төленетін салықтар және тағы басқа төлемдер жатады. Ал жергілікті шығыстарды бұрынғы деңгейінде, 19 бюджеттік бағдарлама күйінде қалатын болды. Депутаттардың сұрағына жауап берген Ұлттық экономика министрі ауылдық аймақтардың азғантай бөлігі ғана өз шығындарын жаба алатынын және сол үшін олардың бюджетіне субвенция жасалатынын мәлімдеді.


Теги: субсидии