Ақтөбедегі өртенген автобустың ішінде бензин пайдаланылып, от жаққан

22.01.2018 20:53

Ақтөбедегі 52 адамның қазасына себеп болған автобустың неге өртенгендігі белгілі болды. Алдын ала айтылған нұсқада - көлік ішінде ашық түрде бензин пайдаланып, от жаққан деген пайым бар. Қазір қайтыс болғандардың мүрдесі Ақтөбеге жеткізілген. Сараптама жүріп жатыр.

Ақтөбедегі Шымкент - Самара тасжолындағы қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің беті бері қарады. Дәрігерлер олардың өміріне еш қауіп жоқ дейді. Тіпті, бесеуі де ауруханадан амбулаторлық ем алуға шығарылуы мүмкін.   

«Жағдайлары орташа деңгейде. Күйік беті мен қолдарын шалған. Олар тұншыққан. Газбен тұншыққан. Сондықтан, біз оларды қабылдап, қызмет көрсетіп жатырмыз. Не керек, не жарақ, біз де бәрі бар. Сондықтан, қазір аурулар туралы олардың өміріне қауіп жоқ»,-деді Ақтөбе қаласының жедел медициналық көмек ауруханасының бас дәрігері, Рақымжан АРЫСТАН.

Жағдайлары жақсарғандардан мамандар жалынның шарпуына қатысты жауап ала бастады.

Біздің ақтөбелік әріптестеріміз оқиға орнынан түсірілген мына кадрлармен бөлісті. Көріп тұрғанымыздай, көліктің тамтығы да қалмаған. Жалын автобусты түгел шарпыған. Оқиға орнында тергеушілер мен өрт қызметі мамандары әлі де жұмыс жүргізіп жатыр. Белгілі болғандай, күйіктен қаза тапқан жолаушылардың мүрделері түгелдей Ақтөбе қаласына жеткізілген. Енді тергеудің алдын-ала нәтижелеріне тоқталайық. Мезетте 52 адамның өмірін жалмаған өрт туралы алғашқы жорамалды құзырлы органдағылардан ресми түрде Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев жасады. Ол ел арасындағы түрлі қауесет, әсіресе, «52 адам қылмыскерлер қолынан қаза тапты», «автобусты өртеп жіберді» деген әңгімелер шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл апатқа - қайғылы жайт түрткі деді.  Айта кетейік, оқиға таңертең «Самара-Шымкент» тас жолында болды.  Төтенше жағдайлар комитетінің ресми дерегінше, жолаушылар автобусын аяқасты от жалмап, көліктегі 57 адамның бесеуі ғана сыртқа шығып үлгірген.  Тергеу тобының жетекшісі, ішкі істер вице-министрі оқиғаның қалай болғанын былайша баяндады.   

«Өрт автобус салонынан шыққан. Басында жай түтін шығып, одан көп адам уланып қалған. Бұл көбісінің автобустан шыға алмауына бірінші себеп болуы мүмкін. Екіншісі, есік ашылғанда ауа кіріп, автобус ішінде өрт бірден тұтанып кеткен. Сондықтан да, салоннан шыға алмай қалуы мүмкін»,-деді ҚР ішкі істер вице-министрі, Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.

Енді ғана шыққан ақпарға сүйенсек, кешелі бері сараптама жүргізген жедел-тергеу тобы мен өрт зертханасы алдын ала оттың шығу себебін жариялаған. Олардың пайымынша, автобус салонында, яғни ішінде жолаушылар бензинмен жанатын пешті пайдаланған, ашық түрде от жаққан. Соның кесірінен тілсіз жау әрі қарай өршігенге ұқсайды. Бұл нұсқаны тірі қалған жүргізушілер мен жолаушылар растап отыр. Сонымен қатар, автобустың рұқсатсыз қалайша адам мінгізіп, тасымалдағаны анықталды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жібек Жолы ауылына жақын көлік базасының жұмысшылары сол күні автобус пен оны тізгіндеушілерді толықтай тексердік деді. Ал, олардың дін аман жетуіне, жұмыстарының заңды, заңсыздығына біз жауап бермейміз деп ат тонын ала қашқан. Жолаушы толы көліктің рұқсатсыз қалай жолға шығып кеткені, шетелге бұған дейін де шыққан ба, бәрі енді тексеріледі.

Әлеуметік желі қолданушылар марқұмдардың туған-туысына, барша өзбек халқына көңіл айтып, басу айтуда. Өзбекстан тарапы да қайғылы оқиғаның мән-жайын айқындауда бар күш-жігерін аямай жатқан Қазақстанның құзырлы органдарына алғыс айтты. Ал, еліміздегі барлық өңіріндегі мешіттерде өткен жұма намазда тасжолда қаза болғандар 52 адамның рухына дұға бағышталды. Дін басшылары Өзбекстан халқына көңіл айтты.     

«Ақтөбе облысында 50-ден астам Өзбек ағайынның қайтыс болуына байланысты, қасиетті Жұма күні бүкіл облысымыздағы мешіттерде арнайы дұға жасау рәсімі өтті. Бас Муфти Серікбай қажы Ораз қайтыс болғандардың туыс-туғандарына көңіл айтты. Одан бөлек Діни басқарманың тарапынан Өзбекстан мұсылмандарына арнайы хат жолданды. Онда хатта: Осы оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандардың Діни басқармасы өзінің қайғыра көңіл айтатынын жеткізді»,-деді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы, Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

Термикалық әсерден адам танымастай өзгерген мүрделердің қазірге 30-ы кім екендігі анықталды, тағы 22 адамды сараптама тануы тиіс. Мамандар 12-13 қаңтар аралығында Өзбекстаннан Ресейге Қазақстан арқылы жетпек болып, жолға шыққандардың туыстарына қауырт желіге хабарласып, қаза болғандар жайлы толық ақпарат берулерін сұрауда. Ал, күні кеше Ақтөбеге ұшып келген Өзбек елінің консулы Шухрат Кошабаев ресейлік ақпарат көздеріне берген сұхбатында, кейбір қаза тапқандардың денесін Өзбекстанда қайта арнайы генетикалық сараптама жасамаса, анықтау екі талай деген еді. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мерт болғандардың толық тізімін жариялады. Көз жұмғандардың барлығы дерлік Өзбекстанның Наманған ауданының тұрғындары болып шықты. Ресейге заңсыз еңбек етуге аттанғандардың ең үлкені 1980 жылғы туылған болса, ең жасы небәрі биыл 20-ға толмаған. Қазір Үкімет комиссиясы мен Төтенше жағдай департаменті мен прокуратураның бірлескен жедел-тергеу тобының жұмысы да жалғасуда. Айтпақшы, жалынға оранған автобустың екі жыл бойы техникалық байқаудан өтпегендігі және оның 1989 жылғы иесі қашып жүргендігі анықталды. Оның атында осындай тағы 2 тасымалдаушы көлік бар екені белгілі болды. Тасжолдағы қайғылы жайт бойынша еліміздің Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша іс қозғалған.