Наурызбай ауданының 157-ші мектебі 1200 балаға арналса, қазір онда 3500 мың бала оқып жатыр. Балабақшалардағы орынның тапшылығы тағы бар. Одан қалды ХҚКО-ның жоқтығы, емхана мәселесі де қордаланып тұр.
Үйлері білім ордасынан қашық орналасқан апалы - сіңілі Алима мен Адина оқу ордасына жаяу бару оңай шаруа емес дейді. Оған қоса, мектепте оқитын бала саны шамадан тыс. Бұрын 600 адамға шақталған ескі мектеп қайта жөндеуден өтіп, 1200 бала қабылдауға қауқарлы болса, қазір оқу орны жетіспегендіктен мұнда 3500 жуық бала оқиды.
«Осы жылы біздің жаңа мектебіміз ашылды. Бізге осы мектеп өте ұнайды, барлық балалар жақсы. Бірақ үйден мектепке келу бізге ыңғайлы емес. Өте көп уақыт алады. Сол үшін біз ертерек тұрып, мектепке келеміз. Ал, басқа жерде ашылып жатқан мектеп біздің үйімізге өте жақын. Сол үшін бізге өте ыңғайлы сол мектепке бару», - деді оқушы Алима ТОҚТАРБАЙ.
Жақын арада жалпы саны 2400 балаға арналған екі бірдей мектеп бой көтермек. Оның бірі кәсіпкерлердің қолдауымен болса, екіншісі мемлекет қаражатына әкімшілік аймақта салынып жатыр.
Тап осы сыныпта 2017-2018 оқу жылында оқушылар парталарында сабақтарын бастайтын болады. Қазір еденге линолеум, кафель төселіп, жөндеу, әктеу, әрлеу жұмыстары жалғасуда. Шілденің орта белінде мектепті қолданысқа береді деген жоспар бар.
«Осы екі мектеп іске қосылған кезде біздің ауданымыз бойынша осы мектептегі орындардың дефицит сұрағы толықтай шешіледі деп айтуға болады. Оған қоса, біздің ауданымыз бойынша, осы 25 мамырдан бастап екі мектебіміз толық жабылады. Ол екі мектебіміз жөндеуге тұрады. №192 және №187 мектеп», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Ал бөбекжай мәселесі әлі ақсап тұр. Жоқ емес, бар. Бірақ жетіспейді. Қазірдің өзінде балабақша кезегінде тұрған 1 мыңнан аса бүлдіршін бар. Екі баланың анасы, балаларымның кезегі келгенше есейіп кетеме деп ойлады.
«Біз балабақша кезегіне тұрып, қазір өз орнымызды күтіп жүрміз. Бірақ әлі жетер емеспіз. Айтуларынша, сәлден соң болады. Бір балам кезекте 44-ші орында тұрса, ал мынау балам 71-ші. Әрине, ертерек орналасса бізге жақсы. Қанша дегенімен, тәрбишілер балалармен айналысып, оқуды, жазуды үйретеді», - деді қала тұрғыны Айсұлу СМАИЛОВА.
Қазір ауданда 42 бөбекжай жұмыс істейді. Өткен жылы жекеменшік 24 балабақша ашылған. Ауданда тағы 320 орындық мектепке дейінгі мемлекеттік мекеме бой көтермек. Ал аудандағы әкімшілік аймақта бой көтеріп жатқан Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы жайлы естіген тұрғындар әлден-ақ бөркін аспанға атып жүр.
«Мен өзім Ақжар ауылының тұрғынымын. Бұрын Ақжарда болып еді ХҚКО, қазір енді Әуезов ауданына көшіп кетті. Енді бізге өте ыңғайсыз тиіп отыр. Біз өзіміз жұмыстамыз, біз барғанша ол ХҚКО жабылып кетеді. Екі автобуспен барамыз. Төтеде автобус жоқ. Қарапайым халыққа, жарайды мен жұмыс істеп жатырмын, жұмыс істемейтін адамға бұл өте ауыр тиеді», - деді қала тұрғыны Мейрамгүл СЫДЫҚОВА.
Ауданда медициналық мекемелерде тіркеуде тұрған азаматтардың саны 66 мың болса жалпы тұрғындар 100 мыңға жуықтайды. Олардың көбі өзге ауданда тіркеуде тұруға мәжбүр. Енді аудандағы жаңа әкімшілік аймақта салынып жатқан күніне 500 адамды қабылдай алатын емхана мен Таусамалы шағын ауданындағы ескі емхананы қайта құру арқылы келер жылы емхана мәселесі толығымен шешілмек.
Әнуарбек Жәлел, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы