Қарғалы өзені арнасынан 20 есеге дейін артық су өткізуге қауқарлы. Бүгінде өзенді ретке келтіру жұмыстары толықтай біткен. Енді тұрғындарға келер қауіп жоқ, дейді аудан басшылары. Қазір арнаның жағасы бекіп қана қоймай, халықтың серуен құратын сүйікті жеріне айналған.
Бұл осыдан екі жыл бұрынғы көрініс. Таң сәріде тосыннан туындаған тасқынды халық әлі күнге ұмытпаған. Қарғалы өзені арнасынан тасып, Наурызбай ауданына қарайтын 500-ден астам үйді шайып, оның алтауының сау-тамтығын қалдырмаған еді.
Кешқұрым өзен жағасына ауыл тұрғындары түрлі сауық ұйымдастырып, серуендеуді жиі әдетке айналдырған. Жағасының 2 жарым шақырымы көріктендіріліп, балалар және спорт алаңдарымен толыққан. Сол кездегі арнасынан адасқан Қарғалы өзенін қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді.
«Тасқын кезінде бір-бірімізге көмектесіп, осы тасқынға көмекке келген балаларға тамағымызды істедік, халықтың ұйымшылдығы, бірлігі сол кезде білінді. Ұшақпен ұшып, қауіпсіздікті бізге ескерткен, осындай жақсы жұмыстар істеліп жатыр. Сондықтан біз қауіп төнетініне қорқатын ештеңкеміз жоқ», - деді қала тұрғыны Имаржан ИСМАИЛОВ.
«Қала аумағына кіргелі өзеніміз түрлене түсті. Ойын алаңдары мен тротуарлар пайда болды. Енді кешке немерелеріммен серуендеп, демалатын жер бар. Өзен де кеңейген, қасынан қорықпай өте беруге болады», - деді қала тұрғыны Гүлнәр ОМАРБЕКОВА.
Табиғи апат тек бұқараға ғана емес, қауіпсіздікке жауапты барлық мекемелерге сабақ болды. Осыған орай, қала билігі 2016 жылы өзен арнасын кеңейтіп, бөктерін бекітуге шешім қабылдады. Былтырдан бері жағалауды мейлінше жайлы ету үшін қыруар іс тындырылыпты. Өзен 3 жарым метрге тереңдетіліп, сыйымдылығы 23 текше метрге дейінгі суды өткізе алады.
«Арнаны салған кезде жалғыз бұл арнаны жөндеу жұмыстары қарастырылған жоқ. Осы көріктендіру арнасының жанындағы жерлерді көріктендіру, балаларға арналған алаңдар салу. Арнаның бойын жергілікті тұрғындарға демалыс орнына айналдыру мақсаты да болып табылды. Енді өздеріңіз көргендей бұл жұмыс толықтай аяқталды», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Қарғалы өзенін толықтай қалыпқа келтіруге қазынадан 2 млрд 3 млн теңге бөлініп, арнаның 7,7 шақырымы абаттандырылған. Өзенге 4 автокөлік және 6 жүргіншілер көпірі орнатылды. Енді мұнда Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы ықшамаудандарының тұрғындары беймарал, қауіпсіз күн кешеді деген сенім басым.
Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы