Оқушы қызды оңдырмай соққан автобус жүргізушісіне ешкімнің тісі батпай отыр
Оқушы қызды оңдырмай соққан автобус жүргізушісіне
ешкімнің тісі батпай отыр. Таяқ жеген 9 жасар қыздың ата-анасы
жүргізушіні мектеп басшылығы түгіл, құқық қорғау органдары жауапқа
тартпағанына наразы. Алматы облысы Іле ауданына қарасты Қосөзен
ауылындағы нөмірі 14 мектепте балаларды үйге таситын автобус
жүргізушісі, неге екені белгісіз, Ксения Чиркованы ағаштың шыбығымен
аямай ұрып жіберген.
27-інші қазанда түсірілген мына фотосуреттен Чиркова Ксенияның
бетіндегі ісік пен терінің көгергені анық байқалады. Бұл №14 мектептегі
автобус жүргізушісінің 9 жасар қызды ұрып жібергенінен кейінгі суреті.
Туған баласының осындай халде үйге оралғанын көрген анасы, оны бірден
аудандық ауруханаға жеткізеді. Сол күні дәрігерлер Ксенияның бетінің
жарақаттанып, терісінің жырылғандығын растайтын анықтама жазып берген.
"Әдеттегідей мектептен үйге келді қызым жылап, беті ісіп кеткен. Не
болды десем, мектептегі автобус жүргізішісі мені бетімнен шыбықпен ұрып
жіберді,- дейді. Неге ұрғанын өзім де білмеймін. Күйеуім үйге келгеннен
кейін учаскелік инспекторге хабарластық. Қазір бос емеспіз, кейін
хабарласыңыздар,- деп қоя салды. Біраз уақыт өткен соң қызымның басы
ауыра бастады. Ана ретінде мен де балам үшін уайымдаймын. Бүгін ол
менің баламды ұрды, ертең тағы біреуді ұрады",- деді Ксения Чиркованың
анасы, Любовь ГИЛЬМАНОВА.
Зардап шеккен қыздың әжесі мектептегі автобус жүргізушісінің бұған
дейін де дөрекі әрекеттер жасағанын айтты. Ата-аналар өз наразылықтарын
да білдірген. Десе де, көлік жүргізушісі әлі күнге дейін балаларды
мектепке тасып жүр.
"Бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін де ата-аналар келіп,
наразылықтарын білдіріп жатқан. Жеке отырғанымызда, мектеп директоры
тіпті, автобусты алдыртып тастаймыз,- депте айтқан. 300 бала мектепке
қалай жетеді дегенім бар еді. Тағы бір автобус бөлу туралы мәселе
қозғалған еді, бірақ іске аспады. Қазіргі жүргізуші өте дөрекі. Кей
кездері балаларды жолда қалдырып кететін кездері де болған. Оқушылар сол
кезде мектепке жаяу келетін,- деді Ксения Чиркованың әжесі, Галина
ГИЛЬМАНОВА.
Көлік жүргізушісінің мектеп оқушысын неліктен ұрғаны әзірге беймәлім.
Мектеп ұстаздарының сөзіне қарағанда, жүргізушінің өзі сол сәтте
ашу-ызаға беріліп кеттім деген екен. Бұл істі қарайтын жергілікті
инспекторлар болса, арна тілшілеріне телефон арқылы автобус
жүргізішісіне қатысты іс қозғалғандығын мәлімдеді. Әйткенмен, құқық
қорғау органдарының бұл ақпаратын қыздың туыстары білмейді әлі. Қосөзен
ауылындағы 14-ші мектеп оқушыларын таситын автобустарға тиесілі
компанияның басшылығы жүргізушіге қатысты ешқандай ақпарат білмейтін
болып шықты.
Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, әлгі жүргізушіге қатысты ешқандай шара
қолданылмаған көрінеді. Қызының тағдарына алаңдаулы ата-ана тағы қайда
барып, кімге арызданатындарын білмейді. Олар мектеп оқушысына қол
көтерген автобус жүргізушісіне қатысты қандай да бір шараның қолданылуын
талап етуде.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы