Безбүйрек аналар неге көбейіп кетті?

10.11.2016 17:16

Баласынан безген ана. Алматы қаласы Алатау ауданында 10 жасар бала дәретхана төбесіне түнеп жүр. Мұны ауданның қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің мамандары анықтаған. Безбүйрек ана араққа сылқия тойып, жалдап тұратын бөлмесіне туған баласын кіргізбей қойыпты. Баланы полиция қызметкерлері 2 қарашадан бері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырса да, анасы бірде-бір рет іздемеген.

Кейуана мейірімсіз анаға барақ бергенін жасырып жүрген үй қожайыны. Полиция қызметкерлерімен тексере келе, баласын бейсауыт жүруге мәжбүрлейтін ананың жалдап тұратын бөлмесіне тап болдық. 2 сыныпта оқитын ұл баланың ұстаздары қолайсыз отбасылар қонысын орнын жиі ауыстыратынын айтады. Мұғалімдері соңғы рет келгенде баланың даладағы дәретхананың үстінде түнегенін көріпті. Содан кейін арнайы орталыққа өткізуге мәжбүр болған. Айтуларынша, баланың әкесі жоқ, ал, анасы сұрау сұрап, ішімдікке салынған.

«Алатау ауданының әкімшілігінде жиналыс өткен кезде біз баланы алу туралы шешім актін жасаған болатынбыз. Сол кезден бастап анасы баласына келіп, кездесіп сөйлеспеген. 2 қарашада баланы алғанбыз. Әкесі жоқ жалғызбасты ана болып саналады», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің маманы Әнел МОЛДАБАЕВА.

Үйден-үйге көшіп, тұрғылықты мекенін ауыстыратын 8 сыныпта оқитын Саматтың ата-анасы да ішімдікке салынғандар. Мұны Алатау ауданына қарасты жергілікті полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің мамандары айтты. Бала екі айдан аса кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленуде. Ол бұған дейін аталған орталықта бірнеше рет болған. Енді баласын қайтадан бауырына басайын десе, ешкімнің жеке басын куәландыратын құжаты жоқ. Ал, сотқа істі жолдау үшін құжат қажет. Сондықтан ата-ана құқығынан айыру үшін комиссияға беру мүмкін емес.

«Баланың өзі, тәртібі жақсы. Мектепте жақсы оқиды. Мұғалімдері айта алады. Баланың өзіне обал. Ауданымызда қазіргі кезде осындай отбасы көп. Ата-аналар жауапсыз болып келеді», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының ІІБ ЖПҚ ЮПБ инспекторы Арайлым ЖЕҢІС.

Қазіргі кезде еліміздің аумағында республикалық «Жасөспірім» іс-шарасы жүруде. Қараусыз жүрген балаларды анықтап, бақылаудағы сәтсіз отбасыларын тексеру, көше кезген балаларды ұстау жұмыстары белең алуда. Бір ғана Алматы қаласының Алатау ауданында 80 шақты отбасы арнайы тексеріліп отырады. Аудан мамандары алдағы уақытта олардың жиі қоныс аударуына байланысты тұрғылықты мекен-жайларын тексеріп шығу қажет дейді.

Әнуарбек Жәлел, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы