Қала күні: «Дәмді Алматы» фестивалінде ең үздік аспаздар тағам әзірлейді

05.09.2018 00:34

Алматының ең үздік аспаздары «Дәмді Алматы» фестивалінде бас қоспақ. Қалада қызмет көрсететін мейрамхана қызметкерлері үйреншікті мәзір емес, ерекше тағамдарды даярлайды. Дәстүрлі отбасылық шарада ересектер мен балаларға қызықты бағдарлама дайындалған.  

Бас аспаз Дмитрий Вепрынцев «Дәмді Алматы» фестиваліне қатысушылардың бірі. Ол шараға дайындықты бір ай бұрын бастап кеткен. Себебі, фестивальде ұсынылатын тағамның бірін әзірлеуге ұзақ уақыт керек екен. «Пастрами» атты сэндвич мәрмәр етінен дайындалады.

«Дәмді Алматы» фестивалінде жалпы үш тағамды ұсынбақпыз. Одан бөлек, пастрами вафлиін дайындаймыз. Сонымен қатар, бургер де әзірленеді. Оның құрамына кіретін барлық ингредиентті өзіміз жасадық», – дейді бас аспаз Дмитрий ВЕПРЫНЦЕВ.

Фестивальге 40-тан астам мейрамхана қатыспақ. Онда аспазшылар тез дайындалатын тағам түрлерін ұсынады. Ал сапасы мен бағасына баса мән беріледі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, тағам құны әдеттегіден төмендеу болады. Фестивальге қатысушыларды қызықты бағдарлама да күтіп тұр дейді ұйымдастырушылар. Одан өзге, отандық және шетелдік жұлдыздардың қатысуымен концерт өтеді.

«Биылғы фестивальдің ерекшелігі, кешкі бағдарлама өте қызықты болмақ. Шараға отандық әншілер мен Мәскеуден арнайы«Золото» және «НААДЯ» топтарының өнерпаздарын шақырдық. Тек тың тағамдардан дәм татып қана қоймай, қызықты концерт те тамашалауға болады», – деді «Дәмді Алматы» фестивалінің ұйымдастырушысы Катерина КНАУБ.

«Дәмді Алматы» фестивалі 8 қыркүйек күні Қазақ Британ техникалық университетінің артындағы саябақта өтеді. Оған кез келген алматылық пен қала қонақтары қатыса алады. Биыл шараға 20 мыңнан астам азамат келеді деп күтілуде.


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы