Алматы облысында өртенген шіркеу орнына жаңасы салынады

09.02.2018 01:58

Алматы облысында өртенген шіркеу орнына жаңасы салынады. Бір ғасырдан аса тарихы бар ғимарат толығымен ағаштан жасалғандықтан оның сау-тамтығы қалмаған. Оны қайта тұрғызуға қыруар қаржы қажет. Дін қызметкерлеріне еліміздің әр өңірінен азаматтар хабарласып, көмек көрсетуге дайын екендігін айтуда.

Тілсіз жау 6 ақпан күні түскі сағат 3 шамасында тұтанған. Абырой болғанда, жапа шеккен ешкім жоқ. Қызыл жалын шіркеудің шатырынан шыққан. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына электр сымының тұйықталуы себеп. Салдарынан аумағы 300 шаршы метрді құрайтын ғимарат толығымен күйреген.

«Өртті ауыздықтауға бір тәуліктен аса уақыт кетті. Қазір ғимарат пен аумақты қоқыстан тазартып жатырмыз. Шіркеуді жөндеуге көмектесіп жатқандар көп. Телефон арқылы да хабарласып жатқандар қатары жетерлік. Азық-түлік, қалың және арнайы киімдер қажет», - деді  Архангел Михаил храмы жексенбілік мектебінің директоры Иван ДОРОШЕНКО.

Дін қызметкерлерінің сөзінше, шіркеуді қайта тұрғызу үшін қыруар қаржы қажет. Қол ұшын беремін деушілер еліміздің әр өңірінен табылуда. Бүгін Алматыдан еріктілер тобы арнайы келді. Қажетті көмекті беруге дайын екендіктерін айтуда. Одан бөлек, Түрген ауылының азаматтары да қолдан келгенше қолғабыс көрсетіп жатыр.

«Біз арнайы Алматыдан келіп отырмыз. Жұмыла көмектессек, бәрін тез қалыпқа келтіруге болады», - деді ерікті Марина ГЕУРОВА.

«Мұнда еріктілер көп. Оларды тамақтандыру үшін азық-түлік қажет. Барлық қазақстандықтарды қол ұшын беруге шақырамын. Қаржылай көмек көрсетемін деушілер үшін арнайы есеп шоттар ашылған», - деді  ерікті Бауыржан СЕРІКОВ.

Архангел Михаил храмы республика бойынша ең көне шіркеудің бірі. Оның іргесі 130 жылға жуық бұрын қаланған.

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы