Елбасы Еуразиялық Одақ көшбасшыларына ЭКСПО алаңын кеңінен қолдануға ұсыныс жасады

16.05.2018 02:10


Сочиде Еуразиялық Экономикалық Одақ мүшелерінің көшбасшылары бас қосты. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев әріптестеріне «Экспо» көрмесі алаңын кеңінен қолдануға ұсыныс жасады. Шағын ортада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қазақстан, Ресей, Белорусь, Армения, Қырғыз және Молдава елдерінің басшылары өзара қарым-қатынасты нығайтып, түйткілдерді шешетін маңызды құжаттарға қол қойды.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің көшбасшылары Қызыл теңіз  жағасында жәйдан-жай бас қоспағаны мәлім. Күн тәртібінде маңызды сұрақтар қарастырылды. Басты жиынға ойыспас бұрын Елбасы ең алдымен Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Қазақстанның әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Жұмыс ойдағыдай іске асуда. Кеше барлық сұрақтарды жан-жақты қарастырдық. Көрші елдер арасында түрлі мәселелер туындайды. Бірақ Үкімет аралық байланыс өте тығыз болғандықтан, кез келген түйткілдерді ешбір дау-дамайсыз шешуге болады деген ойдамын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Путинде сонау алыстан  ат терлетіп келген қонақтар жайын ұмытпады. Ол ықыласын жеке -жеке екі жақты кездесу өткізу арқылы білдірді. Армения Үкіметінің жаңа басшысы Никол Пашинянмен алғаш рет кездесті. Нұрсұлтан Назарбаевқа да ерекше ықыласын жасырмады.

«Қазақстан біздің тек стратегиялық қана емес, өте жақын серіктестеріміздің бірі. Екі мемлекет арасындағы байланыс ретімен және  жақсы дамып келеді. Экономикалық көрсеткішке тоқталсақ, өткен жылы тауар айналымы 30,5 пайызды құрады», - деді Ресей Федерациясының Президенті Владимир ПУТИН.

Әрі қарайғы іс-әрекет жоспар бойынша іске асты. Делегация құрамымен бірге көшбасшылар мен премьер-министрлер өзара келісімшарт жасасуға бет бұрды. Еуразиялық экономикалық кеңестің бұл кездесуі теңіз жағасындағы ең әдемі қонақүйлерінің бірінде өтті. Одақ аясындағы экономикалық байланыс негізгі тақырыпқа айналды. Серіктестер алдында сөз алған Қазақ елінің Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың жеткен жетістігі мен бірлесе іске асатын жаңа жоспарларға тоқталды.

«Стратегиялық бағыттың бірі, демек ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы даму елеулі үлес қосып отыр. Сыртқы және өзара сауда - саттық  бағыты ерекше көзге түседі. Өткен жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда көлемі 24,4-тен 26,1 пайызға өсіп отыр. Биылда дәл сондай даму сақталады», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Мамырдың 14 күні өткен бұл жүздесуде Нұрсұлтан Назарбаев жиі пікір білдіріп отырды. Мәселен, Президент Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын әрі қарай дамытып, қабылданған шешімдерге талдау жүргізетін үкімет аралық арнайы топ құруды ұсынды. Әрі, ЭКСПО аймағы мен бірнеше айдан кейін есігі ашылатын «Астана Халықаралық Қаржы Орталығын»  тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы институттарын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін қолдануға шақырамын. Сонымен қатар, «Экспо» алаңында одақтың қаржылай, кеңестік отырыстарын өткізуге болады. Әрі, цифрландыру бағытын іске асыру жолында халықаралық ІТ стартап технопаркінде Одақ аясында қолға алынатын «Цифрлық жобалар мен ерекше бастамалар» орталығын ашуды ұсынамын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Одақ мүшелері бұл тарихи кездесу экономикалық байланысты бұдан да жоғары деңгейге көтереді деген сенім білдірді.Сочидегі екі күндік іссапардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан өңіріне аттанды. Ол жерде Президент Орал қаласын дамытудың жоспарымен танысып, қоғамдық өкілдермен кездесті.


Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, Қазақстан Республикасы Президенті  телерадио кешені қолдауымен