Бұдан бөлек, ел аумағындағы 11 мың шақырымды теміржолмен және автокөлікпен шарлап шығу жоспарда бар
Осылайша жауынгерлік ту ұстаушы топ еліміздің біраз өңірін жүріп өтеді. Сол арқылы Ұлы отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Тағы бір мақсат - олардың ерліктерін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Менің жасым көп болмаса да, 99-ға келем бе деген ойым бар, сіздердің арқаларыңызда», - деді ҰОС ардагері Қайырлы ЖОНҚАБАЕВ.
Осылайша, жауынгерлік ту ұстаушы топ Ұлы Отан соғысы ардагерінің үйіне барды. Әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындап, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері салтанатты шерумен өтіп, ардагерге әскери сәлем берді.
Бұл эстафета шеңберінде өткен бір ғана шара. Жалпы оның аясында ел аумағындағы 11 мың шақырымды теміржолмен және автокөлікпен шарлап шығу жоспарда бар. Ал, жолды жалғау үшін Ұлттық ұланның 37 әскери бөлімінен ту ұстаушылар тобы жасақталды. Мұндай игі шаралар жастардың париоттық сезімін оятуға септеседі дейді жиынға қатысушылар.
«Соңғы кезде, өкінішке орай, тарихты басқа жаққа бұрып, «жеңісте совет үкіметінің үлесі жоқ, басқа Американың, Англияның үлесі көп» деген лақап өзгерістер кіргізбекші. Міне, осы кезде біз анығын айтып, совет үкіметіні, оның ішінде қазақстандықтарын рөлін, ерлігін көрсетуіміз керек. Осыны мектептерден бастап, бүкіл ұжымдарда әңгіме жүргіземіз», - деді милиция генерал-майоры Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ.
2018 жылы Душанбе қаласында ТМД елдері Мемлекет басшылары Кеңесінің шешімімен Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған негізгі іс-шаралар жоспары бекітілген. Дәл осы эстафетаны өткізу идеясы сол кезде туындаған. Бүгін, сол бастама аясында 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында Жауынгерлік Ту көшірмесін қарсы алу - тапсыру бойынша салтанатты іс-шара өтті. Мұндай рәсім республикалық маңызға ие 3 қаладан, облыстық деңгейдегі 14 қаладан және шағын 7 қаладан жүріп өтеді.