Жетпісбай Есенжанов 1923 жылдың күзінде қазіргі Атырау облысы Қарабайлы ауылында қарапайым шопанның отбасында дүниеге келген
Жетпісбай Есенжанов 1923 жылдың күзінде қазіргі Атырау облысы Қарабайлы ауылында қарапайым шопанның отбасында дүниеге келген. 1940 жылы сол кездегі Гурьев мұнай техникумын бітіріп, Сағыз кен орнына геолог-техник қызметіне жіберіледі. Бірақ кенеттен соғыс басталып, күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге тура келді. Майданға мұнай ауадай қажет болғандықтан, әкелері мен ағаларының орнын жоқтатпай он жеті жасар ұлдар мен қыздар білек сыбанып, тәулігіне 12 сағат жұмыс істеген.
1942 жыл. Майданға жауынгерлер қажет. Осылайша 13 ақпанда 18-ге әлі толмаған жастар әскер қатарына шақырылған. Жетпісбайдың жасағы Орынборға келеді. Ол кезде жас мұнайшыға соғыс тез ақталып, жақында оралатындай көрінді. Бірақ тағдыр басқаша жазылды. Көп ұзамай қатардағы қазақ жауынгері майданның алғы шебіне жіберіліп, сонау жеңіске дейін қолынан қару тастамаған.
«Атамыз бізге соғыс туралы айтуды ұнатпайтын және оны есіне де алғысы келмейтін. Бірақ бір күні ол өзінің алғашқы шайқасы және фашистермен қалай жолыққаны туралы әңгімелеп берді», – деді Жетпісбай Есенжановтың немересі Тимур КИЛИМОВ.
Бұл оқиға 1942 жылдың көктемінде шағын ғана Вышный Волочек қаласының маңында болды. Фашистер кенеттен шабуылға шығады, бірақ қатарында Есенжанов бар жеке құрам немістерді кейінге шегіндірген. Бұл шайқаста жас сарбаз батылдық пен табандылық танытты. Мұны байқаған командирлер оны арнайы мақсаттағы жасақтарды дайындайтын курстарға жібереді. Бұл бөлімдер жау тылында арнайы әскери операциялар жүргізді.
«Тұман қатты болды, сондықтан ештеңе естілмейтіндей тыныш отыруға шешім қабылданды. Дәл қастарынан неміс сарбаздары өткенде, өздерінің жүрек дүрсілін ғана естіп тұрды. Тұман көтерілгеннен кейін фашистерді қоршап алып, қолға түсірді», – деді Жетпісбай Есенжановтың қызы Динара ЕСЕНЖАНОВА.
Күн өткен сайын жеңіс жақындай түсті. 1945 жылдың 28 сәуірінде Жетпісбай соғысқан батальон Берлин маңына келді. Қиранды қала. Соған қарамастан, аман қалған ғимарттардың көбі көздің жауын алады. Кейінірек, кіші лейтенант Есенжанов осындай әдемі және бай елдің адамдары қалайша қатыгез болуы мүмкін деп жиі ойлайтын. Осы уақытта Гитлердің штаб-пәтерінде қиян-кескі ұрыс жалғасып жатты. Әр үй мен көше үшін қан судай төгілді.
«Кеңес әскерлері «ура» деген ұранмен алға ұмтылды. Осы дауыс бүкіл орман, қала мен ауылға жеткендей болды. Кеңес әскерлерінің «Ура» деген айқайы сарбаздардың рухын көтерді», – деді Жетпісбай Есенжановтың немересі Тимур КИЛИМОВ.
Осылайша қарапайым қазақ жауынгері Жетпісбай Есенжан үшін соғыс 1945 жылдың 2 мамыр күні таңғы сағат 6-да әйгілі Тиргартен саябағының маңындағы Шпрее өзенінің жағасында аяқталды.
Офицер Жетпісбай Есенжанов соғыстан кеудесі толған орденмен оралды. Олардың қатарында Отан соғысының 1 және 2 дәрежелі ордендері және үш Қызыл Жұлдыз ордені мен көптеген медаль бар. Фашистер жеңіліске ұшырағаннан кейін майдангер алдымен мұнайшы болып жұмыс істеді, содан соң Мақат аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарды. Соғыста оның өмірі кез келген сәтте үзілуі мүмкін еді, бірақ тағдырдың қалауымен Атыраудың тумасы аман-сау оралып, еліне елеулі қызмет етті.
Арнат Дүйсен, Денис Земцов, «Алматы» арнасы