Алматыда жыл сайын өтетін «Бақыт деген – сенің бала күндерің» атты балалар арасындағы вокалдық фестиваль-байқауының кезекті маусымы басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара 2022 жылдың 21-22 шілдесінде «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.
Фестиваль биыл алтыншы жыл қатарынан өткізілгелі отыр. Биыл байқауға Қазақстанның әр өңірінен 6 мен 16 жас аралығындағы 11 бала қатысады.
Байқау 3 кезеңнен тұрады:
1. қазақстандық хитті орындайды;
2. шетелдік хит орындалады;
3. «Жұлдызды дуэт» деген атаумен гала-концерт форматында өтеді.
Байқауға қатысушы өнерлі балалар отандық эстраданың жарық жұлдыздары Әлішер Кәрімовпен, Әнел Әреновамен, Салтанат Құдайберген және басқа да әншілермен бірге дуэт орындайды.
Өткен 5 маусымда еліміздің түкпір-түкпірінен байқауға қатысуға 7000-дай өтініш түскен. Осы байқаудың 50-ге тарта қатысушысы елімізде және шетелдерде өткен түрлі фестивальдар мен байқаулардың лауреаты атанып үлгерді.
Бұл іс-шараның шығынын толықтай демеушілер көтереді. Ұйымдастырушылар халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалар арасында шығармашылықты насихаттауды мақсат етеді.