Мәулен Әшімбаев: Президент азаматтардың құқығын бұзғандар жазасыз қалмайтынын тағы бір нақтылады

Egemen.kz
Egemen.kz
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы берген жаңа сұхбат және елдегі жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Президентіміздің «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбатын көріп шықтық. Мемлекет басшысы сұхбат барысында халқымызды мазалаған өзекті мәселелерге тоқталып, еліміздің дамуы мен болашағы туралы ойларын білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлы қаңтар оқиғасынан кейін елімізде қалыптасқан жағдайға кеңінен тоқталып өтті. Қазір қоғамда ұсталғандарға қатысты құқық бұзушылық деректері туралы жиі айтылып жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл мәселелер бойынша бірнеше рет жиын өткізіп, нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі сұхбатында да азаматтарымыздың құқығын қорғау және әрбір іс бойынша әділ шешім шығару аса маңызды екенін атап өтті», - деп жазды Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.

Сенат басшысының айтуынша, Президент азаматтардың құқығын бұзғандар жазасыз қалмайтынын тағы бір нақтылады.

«Қазіргі таңда елімізде барлық салада жүйелі реформалар жүргізіліп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндағы басты мақсат - елдің әл-ауқатын арттыру, әділетті қоғам құру, олигополияны жою, саяси трансформация жасау және еліміздің экономикалық дамуын жеделдету екеніне баса мән берді. Бұл – халықтың талап-тілегі», - дейді ол.

Сондай-ақ төраға елде болған жаппай тәртіпсіздіктерден кейін сәтті реформалардың қарқыны арта түсетініне сенім білдірді.

«Мемлекет басшысы төңкерісшілер осы реформаларға кедергі келтіріп, еліміздің іргесіне сызат түсіруді көздегенін айттылды. Мұндай қиындықтар реформаларды шектеуге емес, керісінше оларды қарқынды жүргізуге себеп болады деп сенеміз. Сұхбаттан Президентіміздің осындай қағидаға арқа сүйеп отырғанын байқау қиын емес», - деді М. Әшімбаев.

Новости партнеров