Маңғыстауда 50-ден астам іс-шара өтеді
Маңғыстауда Республика күнін жоғары деңгейде атап өту мақсатында өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес облыс көлемінде республикалық және өңірлік маңызды 50-ден астам іс-шара жоспарланған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ақай Мусалиев мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Президенті Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25 қазанда ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды. Республика күнін 25 қазанда атап өтудің себебі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданды. Осылайша еліміздің тәуелсіздігіне алғашқы қадам жасалған еді.
- Республика күнін жоғары деңгейде атап өту бағытында өңірлік іс-шара жоспары бекітіліп, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жоспарға сәйкес Республика күнін кеңінен насихаттау бағытында «Republic Day» акциясы өтуде. Акцияның мақсаты – елде және шетелде тұратын қазақстандықтардың басын біріктіру, жалпыұлттық ынтымақ пен бірлікке шақыру. Акция аясында әлеуметтік желілерде экономиканың барлық саласында қызмет ететін әр түрлі ұлт өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, дәрігерлер, спортшылар, жастар арасында бейнеқұттықтаулар жариялау бойынша челлендж ұйымдастырылып жатыр, - деді Ақай Мусалиев.
Сонымен қатар «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық акциясы аясында өңірдің жастары арасында, білім беру ұйымдарында Мемлекеттік Әнұранды орындау, мәнерлеп оқу конкурстарын, үйлердің алдыңғы беттері мен терезелеріне Мемлекеттік Туды орналастыру бойынша жаппай флэшмобтар ұйымдастырылды.
Волонтерлік және ерікті ұйымдар арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін «Жанашыр Жүрек» халықтық акциясы бастау алды. Қайырымдылық идеясын іске асыруға жергілікті бизнес-қоғамдастықтар, демеушілер, меценаттар тартылады.
Мереке қарсаңында 18-19 қазан күндері «Оғыланды Бекет ата» қоғамдық қоры тарапынан тұрмыстық жағдайы төмен Жаңаөзен қаласының 7 отбасына және Қарақия ауданынан 6 отбасына жаңа пәтер кілті табысталды. 22 қазан күні мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Өнерлі ана мен бала» фестивалі өтеді.
Сондай-ақ өскелең ұрпақты қоршаған ортаға ұқыпты қарау, экологиялық тәрбиеге шақыру бағытында «Таза табиғат» атауымен жаппай экологиялық науқан өткізіледі. 21 қазан күні Ақтау қаласында ағаш отырғызу акциясы өтпек. Атаулы мерекенің қарсаңында Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау, Түпқараған және Мұнайлы аудандарында жаңа спорт кешендерін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мұнайлы ауданында 3 жеке меншік балабақшаның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жаңа медициналық орталық ашылады.
Сонымен қатар Республика күніне орай тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында 41 мерекелік баннер және басқа да сыртқы көрнекілік құралдары орнатылды.
- Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту – бұл ұрпақтар сабақтастығының, мемлекеттік тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символы. Осы орайда, өңір тұрғындарын Республика күніне орай өтетін шараларға қатысып, белсенділік танытуға шақырамыз! - деді Ақай Мусалиев.
Оқи отырыңыз: Ұлттық мереке қарсаңында дін мен дәстүрді дәріптейтін Dastur fest көрмесі өтті