Ал Кенжехан Матыжанов қаңтар оқиғасы байлар мен кедейлер арасы алшақтап кеткенін көрсетті дейді
Қаржы жымқырудың түрлі схемасы жергілікті басқару органдарынан бастап, аудандық, облыстық дәрежеге дендеп кеткен. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ел Президентінің олигополияға қатысты берген сұхбатына осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, мұндай жүйені жою керек, мемлекет басшысы бұл бастаманы дер кезінде көтеріп отыр.
«Схеманы ойлап тапқыш адамдардың саны аз емес. Аудан, облыс, қала дәрежесінде бар. Оны ашудың бір жолы – қаржының, жобалардың ашықтығы, сонда көріп отырамыз. Бір бизнес астына екі-үштен қосылып алғандары бар. Соларды алып тастау керек. Бұл айналып келгенде бағаның төмендеуіне, сервистің жақсаруына алып келеді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.
Ал қоғам қайраткері Кенжехан Матыжанов қаңтар оқиғасы байлар мен кедейлер арасы алшақтап кеткенін көрсетті дейді. Байлық пен билікке ғана бас иетін халыққа айналып барамыз, сондықтан рухани құндылықтарды қайта қалпына келтіру маңызды деген ой қосты.
«Нәпсісіне ие бола алмаған адам ашкөз болады. Ал ашкөздіктің ақыры неге алып келеді? Ол бүкіл байлықты бір қолдың астына жинауға алып келеді. Сондықтан әлеуметтік теңдік пен мүмкіндіктердің бірдей болуы барлық қоғамға тән дүние болуы керек», - деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.