Астанада Республика күні қалай тойланып жатыр

25.10.2023 21:51

Елордада 200-ден аса түрлі іс-шара ұйымдастырылды

Almaty.tv

Егемендік бастауы болған Республика күні Елорда төрінде сән-салтанатымен атап өтілді. Мерекеге орай бас қалада мәдени-спорттық іс-шара мен 5 ауданда арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Есілдің жағасындағы жұрт ұлық мерекенің маңызын арттырып, белсенділік көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін егемендіктің бастауы болған ұлық мереке – Республика күні. Еліміздің түкпір-түкпірінде тойланып жатқан ұлттық мерекені астаналықтар да елеусіз қалдырмады. Бес шағынауданда спорттық, танымдық түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Күннің салқынына қарамастан жиналған жұрт бір кісідей атсалысты. Жүрегі қазақ деп соққан кішкентай  өрендер де бүгінгі күннің маңызын терең түсінеді.

– Бүгін Республика күні. Қазақстандықтарды құттықтаймын! Отан деген сөзді есігенде бірден туды ойлаймын, – деді қала тұрғыны Нұрбек Айдос.

Соңғы 13 жылдан бері елеусіз қалған атаулы күнді ел Президенті қайта жаңғыртты. Биыл екінші рет ұлттық мереке ретінде тойланып отыр. 25 қазан – тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағы, егемендіктің бастауы.

– Алаңда керемет концерт өтіп жатыр. Көңіл күйіміз тамаша. Қазақ елін Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деді қала тұрғыны Сая Сайранбайқызы.

– Республика күніне орай Астана қалалық мәдениет басқармасымен бірлесіп, мерекелік концерт ұйымдастырдық. Концертке аудан тұрғындары шақыртылды. Инстаграм чаттар арқылы шақырту жіберілді. Республика күні еліміздің жалғыз ұлттық мерекесі саналады, – деді Есіл ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Нариман Орманбаев.  

Республика күні қарсаңында Астанада 200-ден аса түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – «Менің туым -менің елім» челленджі. Дәл осындай көше бойында және 1000-нан астам үйдің балконында қазақтың көк байрағы желбіреді. Мұндағы мақсат – отандастарымыздың бойындағы патриоттық сезімді ояту.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда бүгін қандай іс-шаралар өтеді