Мектепке дейінгі мекемеде 160 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр
Республика күні қарсаңында Алматыдағы №76 балабақшада «Мәңгілік жаса, туған елім» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қолдарын жүрек тұсына қойып, бар даусымен әнұранды шырқаған балалар үшін бүгінгі күннің орны ерекше. Тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы саналатын балабақша тәрбиеленушілері отан туралы жаттаған тақпақғын айтып, ән шырқап, өнерін паш етті. Туған жерді сүюге тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шараға арнайы қонақтар шақырылған.
– Осындай іс-шара баланың есінде қалады деп ойлаймын. Өлең жаттау арқылы бойында рух оянып, патриоттық сезімі дамиды, – деді әнші, ҚР өнер қайраткері Алма Аманжолова.
– Баланы тек телефонмен тәрбиелемей, мән беру керек. Оның бойында ұлтқа деген сүйіспеншілік қалыптастыра білуіміз керек, – деді Алатау аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Смағұлова.
Баланың дамуына балабақшадағы орта тікелей әсер ететіндіктен, мұнда тәрбие жұмысын кешенді ұйымдастыруға көңіл бөлінген. Бүлдіршіндерге арналған тұзды шахта, жантану бөлмесі, монтессори кабинеті, дамытатын ойындар орталығы және «Ұлттық құндылықтар және логика зертханасы» да жабдықталған.
– Балаларды одан әрі дамытуға арналған түрлі жоспар бар. Ұлттық құндылыққа аса назар аударамыз. Арнайы жоба дайындадық. Өйткені оның балаға беретін тәлім-тәрбиесі, маңызы өте зор, – деді №76 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлжария Кубекова.
Бұл мектепке дейінгі мекемеде 160 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жаңа технология мен әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы білім алып жатқан балалар – ертеңгі ел болашағы.
Жансая Олжабек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Дулат Исабеков мектеп оқушыларымен кездесті