Тоқаев МӘМС жүйесіне көңілі толмайтынын айтты

08.02.2024 00:37

Қазақстанда 4,5 миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады

Almaty.tv

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент әлеуметтік саланың да ақсап тұрған тұстарын көрсетіп берді. Мемлекет басшысы әлі күнге жұмысы жолға қойылмаған МӘМС жүйесін сынады. Қоғамда "жатып ішер жалқаулар" көбейгенін айтты. Тиімсіз төлем жұмысын қайта қарастыруға пәрмен берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда қазір 4,5 миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алып отыр. Бұл дегеніміз, әрбір бесінші тұрғынға қаржылай қолдау көрсетіледі. Алайда соның басым көпшілігі - еңбекке жарамды азаматтар. Президент «алма піс, аузыма түс» дейтін масылдар көбейгенін айтты. Ал көмекке нақ мұқтаж тасада қалып жатыр деп ашынды. Енді бұл жүйені түгел қайта қарау қажет.

– Тұратын үйі, тіпті астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет. Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы МӘМС жүйесіне де көңілі толмайтыны айтты. Бастама іске қосылғанына 5 жыл болса да әлі жұмыс жүйесіз. Басы ауырып, балтыры сыздаған халық жүйенің шарапатын емес, машақатын көріп шаршаған. Мәселеден Президент те хабардар. Жылда қазынадан бөлінетін қаржыны көбейткенімен көрсетілетін қызмет нәтижесіз. Жаңа келген министр кезек күттірмей қолға алатын шаруа – осы.

– Мойындау керек, МӘМС-ті әлі тиімді жүйеге алып келген жоқпыз. Дүниежүзінде МӘМС азаматтарды іздеп қызмет көрсетеді. Бізде олай емес, МӘМС-ті іздеп жүрміз. Қаржылық архитектурасын өзгерту қажет, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Президент зейнетақы активтерін нарық талаптарына сай қолдану керек екенін айтты. Қордағы бағытталған қаржы енді өнеркәсіп саласын дамытуға бөлінеді. Мемлекет басшысы жауаптыларға осындай ұсыныс жасады. Десе де, жинақтың сақталуын қамтамасыз етуді ұмыт қалдырмау қажет екенін еске салды. Ал сарапшылардың айтуынша, бастама қазіргі құбылып тұрған инфляция үдерісін қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді.

– Әрекетшіл жобаларды жүзеге асыру үшін Президент Үкіметке өте көп мәселе талқылатты. Ең біріншісі - инвестициялық климат жақсы дейміз. Бізге шетелден әр жылы 27 млрд доллар инвестиция келіп жатыр. Олар бұған дейін шикізат саласына келген. Қазір енді өңдеуші салаға түсіп жатыр. Бұл – жақсы үрдіс, – деді экономист Сапарбай Жобаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тағы бір маңызды міндет – екі қолға бір күрек таппай жүргендар санын азайту. Қазір жер-жерде еңбекпен қамту орталықтары жұмысын бастап жатыр. Бұл шаруа да жүйелеуді қажет етіп тұр. Президент осы жұмысты уақытылы аяқтау қажет екенін айтты. Жаңа келген Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп қолға алсын деп пәрмен берді.

Кәмшат Мұхамеджан, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс