Қазақстан мен Қытайдың өзара тауар айналымы 17 млрд долларға жеткен
Кедендік шекарада тәртіп орнату бойынша ауқымды операциялар басталды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай Халық Республикасы» саммитінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Президент әсіресе Қытаймен шекарада кемшіліктер көп екенін атады. Көліктер тексерілмейді, салықтар төленбейді. Кейбір уәкілетті операторлардың кесірінен еліміз салық бойынша ондаған миллиардтан қағылып отыр деді.
«Біз шекарадағы кедендік тәртіпті ретке келтіру үшін заңсыз әрекет етіп, бизнеске түрлі кедергі жасаған теріс пиғылды кәсіпкерлермен күрес жүргізе бастадық. Заңға қайшы мұндай әрекеттермен күрестің нәтижесін жақын арада көретінімізге сенімдімін. Қазақстанға келетін импорттарға және үшінші елдерге жасалатын транзитке зиян келмейді. Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар бердім», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытайдың өзара тауар айналымы 17 млрд долларға жеткен. Орталық Азия мемлекеттеріне 40 млрд долларлық Қытай инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Ал жалпы Орталық Азия елдерімен тауар айналымы бір жылда 40 пайызға өскен.
«Энергетика саласындағы қазақ-қытай ынтымақтастығы стратегиялық сипатқа ие. Қазақстан-Қытай мұнай құбыры және Орталық Азия-Қытай газ құбыры үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қазақстан аумағы арқылы өтетін магистралды дәліз Қытай тауар өндірушілерінің Еуропа, Таяу Шығыс және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы нарықтарына жылдам әрі сенімді шығуын қамтамасыз етеді. Ляньюньгандағы терминал, Қорғастағы құрғақ порт және «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистралі сынды бірлескен инфрақұрылымдық жобалар «Белдеу мен жол» мегажобасының тірегіне айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.