Партия үшін көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізудің маңызы зор – қоғам белсенділері

02.03.2022 00:25

Бүгінгі съезде Nur Otan партиясын модернизациялауда нақты жеті бағытқа басымдық берілді

«Партияның қоғамдық қабылдауына шындыққа қолы жетпей, ойындағысын жүзеге асыра алмағандар келеді. Сондықтан көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізу өте қажет». Қоғам белсенділері билеуші партияның бүгінгі кезектен тыс өткен съезіне байланысты осындай пікір білдіруде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Бүгінгі съезде Nur Otan партиясын модернизациялауда нақты жеті бағытқа басымдық берілді. Ең маңыздысы, халықпен етене байланыс жасауға мән берілмек. Бұқарамен байланыстың алғышарты барынша ашық, әділ болу керек екені сөзсіз. Фракция мүшелері енді осы тұрғыда жаңа тетіктер ұсынбақ.

«Халықтың үніне құлақ асу – бүгінгі депутаттардың алдындағы үлкен міндет. Сондықтан бұрынғыдай емес, жаңаша бетбұрыс жасап, халықпен тікелей байланысқа шығып, толғандырған мәселелерге зер салып, үлкен жұмыстар атқаруымыз керек деген нақты талаптар қойылды», - деді қалалық мәслихат депутаты Рахат Шимашева.

Осы ретте партияның қоғамдық кеңестерінің саны оңтайландырылады. Ал қоғамдық қабылдау бөлмелері проактивті форматқа ауысады.

«Шындыққа қолы жетпесе, ойындағысын жүзеге асыра алмаса бәрі осы партияның қоғамдық қабылдауына келеді. Бүгіннен бастап сол қоғамдық қабылдауды енді көшпелі түрде, сонау шалғай ауылдарға да барып жүргізу тапсырмасы беріліп жатыр. Бұл өте қажет нәрсе. Өйткені халық пен партияның ортасындағы тікелей байланыс үзілместей болып жалғасады деп ойлаймыз», - деді Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайрат Бисембаев.

Бүгінде партия құрамында 4,5 мың бастауыш ұйым бар. Олардың қызметіне толық талдау жүргізіліп, округтік бастауыш ұйымдар құрылады.

«Адам саны аз бастауыш партия ұйымдарының басын біріктіріп, үлкен бастауыш партия ұйымдарына қосып ірілендіреді. Бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын, олардың төрағаларының жұмыстарын жандандыру керек. Олардың белсенділігін арттыру мақсатында рейтингтер жасалатын болады», - деді Nur Otan партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов.

Сондай-ақ «Тазалайық», «Әлеумет», «Жаңа Қазақстанға арналған 30 инновациялық идея» атты жаңа жобалар іске асады. Онда түрлі саладағы сарапшылар мен белсенділердің ұсыныстары жинақталмақ.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы