Кеңес Жолдаудағы басым бағыттарға өзара талдау жүргізіп, тұщымды пікір білдірді
Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау бір жыл уақытпен шектелмейді. Оның ауқымы кең әрі мазмұны терең. Осылай деген қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Жолдаудағы басым бағыттарға өзара талдау жүргізіп, тұщымды пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың айтуынша, Президенттің қоғамдық-саяси саладағы ауқымды және жүйелі реформалар топтамасын ұсынуы көптің көңілінен шыққан. Бұл жаңа бастамалар еліміздің қазіргі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңартып, оның ашықтығын және тиімділігін арттыра түседі дейді.
«Жолдаудың саяси жағынан, геополитка жағынан жалпы біздің ішкі саясатымызға, мемлекетіміздің өркендеуіне үлкен маңыздылығы бар. Тарихи маңыздылығы бар деп айтуға болады. Бірінші мәселе – саяси саласындағы демократиялық процестерді одан әрі дамыту, нығайту», - деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов.
Жолдау жүктеген міндеттер тек бірлесе отырып қана жүзеге асады дейді философ Айдар Әмірбаев. Оның пікірінше, саяси реформадағы өзгерістер осы сабақтастық арқылы жүзеге асады.
Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек деген Президент құндылықтарымыздың түбегейлі жаңаруын көздеп отыр деген ойда.
«Әрине, осы сабақтастық арқылы, әртүрлі буындар жұмылып бірге көтерген жүк жеңіл дейді ғой. Осы біздің қазақ қоғамы, дана асақалдардың ой пікірлерін тыңдап, осы өзгерістер жүзеге асады ғой деп ойлаймын», - деді Философия, саясаттану және дінтану институты орталығының директоры Айдар Әмірбаев.