Мақсат Базарбай: Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы-жақсы бастамалар бастап жатыр

Мақсат Базарбай: Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы-жақсы бастамалар бастап жатыр
Еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен әншілер бұның оң өзгеріс әкелетініне сенеміз деген пікір білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президенттің «Жаңа Қазақстан» құру туралы реформасы - халықтың мүддесі үшін жасалып жатқан бастама. Бұл мемлекетімізде оң өзгерістер болатынына кепілдік береді. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына қатысты осындай пікір білдіруде. Алматыға арнайы келіп, қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаған мемлекет басшысының жаңа мүмкіндіктер туралы айтқан сөзі көпшіліктің жүрегіне үміт ұялатқан еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлыстың Ұлы күні, әз-Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар бүгін де Алматыда қалың жұртышылықты жинады. «Астана» алаңындағы дүбірлі концерт өтті. Кеше мегаполиске арнайы келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы алаңдағы сахнада көпшілікті мейраммен құттықтап, «Жаңа Қазақстан» құрудың маңыздылығын атап өткен еді. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері мен әншілер бұның оң өзгеріс әкелетініне сенеміз деген пікір білдірді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, шынын айтқанда ешкім ойлаған жоқ. Ойламаған жерден халықтың арасынан өтіп, әсіресе жастар көп болды. Керемет қатты қуанып, қолпаштап, ол кісі ортаға шығып, әдемі сөзін айтты. Біріншіден Наурыз мерекесімен құттықтады. Содан кейін әрине, «Жаңа жыл, Жаңа ел, Жаңа Қазақстанды» бірге құрайық деді. Сондағы мақсат - халықтың мүддесі үшін жасалып жатқан шаруалар», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарагөз Сүлейменова.

«Елімізде соңғы 2 жылдың ішінде қаншама қиындық болды, карантин болды, басқасы болды. Енді ондай болмасын деп, бар жақсылықты тілеймін. Еліміз аман болсын! 16 наурызда Президентіміздің айтқан барлық жоспарын қолдаймыз. 21 наурыз күні өзі келді. Жақсы жыл, құтты, берекелі жыл болсын. Біз Президентімізді қолдаймыз», - деді әнші Абай Бегей.

Жалғасын тапқан дүбірлі концертте өнер майталмандары ән айтып, бүгін де алматылықтардың көңіл-күйін көтеруде. Ал эстрада жұлдыздары мен танымал композиторлар қазақ жұртын Наурыз мерекесімен құттықтады. Олар кешегі Президенттің айтқан бастамаларына сеніммен қарайтындарын және Жолдауды толық қолдайтындарын алға тартты.

«Ұлысымның шын бағы, ырысымның қырманы, мінеки, тірлігімнің бастауы, бірлігімнің құндағындай болған әз-Наурыз мерекесі баршаларыңызға құтты болсын! Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын, заманымыз тыныш болсын!» - деді композитор Арман Дүйсенов.


«Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамымыз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дейміз. Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жақсы-жақсы бастамалар бастап жатыр. Сенеміз. Қазақстанның болашағы жарқын болсын деген тілектеміз. Ұрпағымыз бақытты ғұмыр кешсін», - деді әнші Мақсат Базарбай.

Айта кету керек, кеше «Астана» алаңына арнайы келіп мерекелік концертке қатысқан мемлекет басшысы құттықтау сөзін сахнаға шығып айтқан еді.

Әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түскен мына видеодағы Президенттің іс-әрекеті, оның оққағарына жасаған ескертуі қалың жұртшылықты сүйсіндірмей қоймады дейді әншілер.

«Президенттің Наурызды Алматыда қарсы алғанын, халықтың арасында жүргенін көріп, қуандық. Әлеуметтік желілерде қыз үшін, қарындасымыз үшін өзінің күзетшісінің қолын тартып, ескерту айтқан. Өте бір жүрегімізге жылу ұялады. Президентімізді одан әрі жақсы көріп кеттік. Алла береке берсін, өмірін ұзақ қылсын, дені сау болсын. Наурыз құтты болсын!» - деді «Жігіттер» квартеті.

Жалпы биыл елімізде әз-Наурыз мерекесі кең көлемде тойлануда. Өйткені мемлекет басшысы тура Ұлыстың ұлы күні қарсаңында халыққа жолдау жасап, Наурызды атап өтуге ерекше мән берген еді. Көпшілікті жаңа жылда Жаңа Қазақстанды құруға үндеген Президенттің бастамасы қалың жұртшылықтың жүрегіне сенім ұялатып, көпшіліктен қолдау тауып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров