Қанат Әуесбай: Референдум өткізу «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай келеді

01.05.2022 04:41
Egemen.kz

Халықаралық «Қазақ» тілі қоғамының астаналық филиалы төрағасы Қанат Әуесбай Мемлекет басшысының Конституцияға енетін өзгерістер бойынша референдум өткізу туралы ұсынысына пікір айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Qazaquni.kz-ке сілтеме жасап.

«Президент айтқан Конституцияға енетін өзгерістер бойынша референдум өтетіні туралы жаңалықты ықыластана тыңдадық. Ең алдымен референдум халықтың ой еркін айқын білдіруге зор мүмкіндік деп білемін. Төте демократияның даңғыл жолы осы болмақ. Соңғы рет референдумның елімізде 17 жыл бұрын өткені есте. Ол тұстағы Қазақстандағы саяси парадигма мүлде басқа еді. Ендігі жерде конституцияға енетін өзгерістер жаңа саяси реформалардың бастауы болмақ. «Екінші республиканың» мәнін осы тұрғыдан іздеген абзал. Бір айта кетері, Ата заңға енетін 33 өзгерістің әрқайсын алдымен қоғам талқысына салып, әбден илеуден өткізіп алу керек. Есесіне елдің көкейіндегісін тап басқан өзгерістерді халықтың қабылдауы да соғұрлым жеңіл болады деп есептеймін», – деді ол.

Оның сөзінше Ата заң реформасы билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтап, халықтың ел басқару ісіне қатысу құзырын кеңейтеді.

«Қазірдіің өзінде бұл өзгерістер мемлекеттік биліктің жүйелі түрдегі трансформациясы деп аталып кетті. Әзірге еліміздің конституциялық кеңесі бұл өзгерістерді қарастырып жатыр. Еліміздің саяси тарихындағы айшықты оқиға деп қабылдауға болатын мемлекет басшысының бастамасына «Жаңа Қазақстан» және «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сай келеді», – дейді Қанат Әуесбай.