Кейбір жағдайға бейжай қарамайтын тұрғындар маскасыз жүргендерді өздері тәртіпке сала бастаған.
Алматыда қоғамдық орындарда бетпердесіз жүрген азаматтарды жауапқа тарту жалғасып жатыр. Бір ғана Медеу ауданында бұл талапқа немқұрайлы қараған 162 адам айыппұл арқалаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әйтсе де мамандар халықтың басым бөлігі сақтық шараларын ұстануды әдетке айналдырып келетінін айтады. Тіпті кейбір жағдайға бейжай қарамайтын тұрғындар маскасыз жүргендерді өздері тәртіпке сала бастаған.
Медеу аудандық мониторинг тобы бүгін әдеттегідей бетперде тағу режимін бақылауға шықты. Байқағанымыз,автобустарға кірмей тұрып жолаушылар арасында масканы иегіне қыстырып қойып отыратындар жиі кездеседі. Жұртшылық тек тексеру тобын көргенде ғана бетперделерімен тұмшаланып алады.
Бұл жолаушылар осылайша жеңіл ескертумен құтылды. Әйтсе де Медеу ауданы бойынша қоғамдық орындарда бетперде тақпағаны үшін бұған дейін 162 адамға 83 мың теңге айыппұл салынған.
«Бүгінгі таңда мобильдік топ құрамымен Медеу ауданы бойынша күндізгі және кешкі рейд жүргізіліп жатыр. Негізінен біз тексеріске шыққанан бастап бір 160 шақты құқық бұзушылық бойынша ұсталған яғни маска режиім бойынша 425-бап, 1-бөлім бойынша», – деді Медеу аудандық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Дияра Жарқынбаева.
Қоғамдық көліктерден бөлек дүкендерді аралаған мамандар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектелді.
«Бастапқы кездерде жұрт санитария талаптарына назар аудармайтын. Сол кезде олқылықтар көптеп табылатын. Ал қазір жағдай басқаша. Қазір жұртшылықтың әрі кетсе 1 ғана пайызы сақтық шараларын ұстанбайды десек те болады», – деді Медеу аудандық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Татьяна Аханина.
Бүгінде бетпердесіз жүрген азаматтармен күреске қоғамдық тәртіпке бейжай қарамайтын азаматтар да атсалыса бастаған. Мына бейнежазбадағы бойжеткен қоғамдық көлікке маскасыз кіріп автобус жүргізушісі мен тексерушінің ескертулеріне пысқырмайды. Тіпті ашуға булығып бейнежазбаға түсіріп тұрған әйелдің телефонын сындырған көрінеді.
Қалалық полиция департаменті әлеуметтік желілерге желдей тарап кеткен бұл видеодағы қызды іздестіріп жатыр. Ал мынау осы сияқты жуырда ғана болған жағдай. Маскасыз отырған жолаушы қасындағы журналистің ескертуін құлаққа ілмеген еді. Осы жағдайға бейқам қараған автобус жүргізушісі де сөгіс алған. Ал тәртіпсіз жолаушы табылып, оған 83 мың теңге айыппұл салынған.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы