Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде көңіл көтеріп жатқан 150-ден аса адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заңбұзушыларды түнгі сағат 11 жарым шамасында Медеу ауданының мониторинг тобы анықтаған. Карантин талаптарын елемегендерге айыппұл салынып, қатаң ескерту жасалды. Айта кетейін, қалада шектеу шаралары күшейтілген. Бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ бірқатар кәсіпкерлік нысандардың, әсіресе ойын-сауық мекемелерінің жұмысына тыйым салынады. Қазір шаһар бойынша 32 мобильді топ қатаң режимде тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Ал, қала билігі мен мереке және демалыс күндері халық көп шоғырланған жерге бармауды сұрайды. Себебі, күнделікті індет жұқтыратын алматылықтардың саны 400-ден асып кеткен.
«Қаладағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты әрбір алматылықты карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырамын. Індеттің сейілуі әрбір тұрғынның қоғам алдындағы жауапкершілігімен тікелей байланысты. Әсіресе, созылмалы ауруы бар жандар мен зейнеткерлерді барынша абай болуға шақырамын», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева.