Адал әрі жауапты мердігерлермен жұмыс істейміз: Б. Сағынтаев қаланы абаттандыру жұмыстарын тексерді

03.05.2021 06:39

350 жарық бағаны мен шағын сәулет нысандары қойылып, орындықтар орнатылады, көпірлер мен ойын алаңдары жасалады

Достық саябағында көкмайсаның аумағы кеңейтіліп, жүргіншілер жолы қайта қалпына келтірілуі керек еді. Алайда ондағы жөндеу жұмыстары мердігерлердің кесірінен созылып кеткен. Достық саябағына арнайы атбасын бұрған қала басшысы Бақытжан Сағынтаев жауапты басқарма басшылары мен құзырлы орган өкілдеріне жөндеуге жауапты компанияны қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ал, барлық шаруаны 15 мамырға дейін аяқтауға уақыт берді. Әкім қала басшылығының тек адал әрі жауапты мердігерлермен жұмыс істейтінін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға болған жерден:

Б. Сағынтаев:

–  Артынан істеп жатқан 2 адам ғана. Мынаны тастап-тастап кетіп жатыр. Кім істейді сонда мұны? Халық шулап жатыр. Бізге айтып жатыр мынаны сапасы нашар деп.  

Қала әкімі Тереңқұр өзенінің бойындағы жүргіншілер аймағына да барды. Өзен жағалауын абаттандыру жобасына сәйкес арнаның 9 шақырымы тазартылып,  11 балалар және спорт алаңы, орындықтар, қоқыс жәшіктері, модульдік санитарлық тораптар және ауыз су бұрқақтары жасалады. Қазір жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Жаңа кейіпке енген өзеннің жағасында серуен құратын алматылықтардың да саны артқан. Олардың айтуынша, жарық шамдары қойылғалы түнде де емін-еркін қыдыруға болады. Ал, жаңадан төселген жүргіншілер жолы таңертең-кешке жүгіріп, салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мүмкіндік дейді.

«Велосипед айдағанға, жүгіргенге және жай адамдарға жүргенге жақсы және мынау өзеннің жағасын жақсартқаны ұнайды. Осындай жерлер көп болса жақсы болар еді», – деді қала тұрғыны Әсет Оңғарбаев.

«Өте жақсы. Мен ризамын жігіттерге. Асфальтті төсеп, барлығын жақсы істеп жатыр. Меніңше, халық риза болады ғой деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Марқабай Байдуәлиев.

«Енді өзіміз сондай қуанамыз. Керемет, жақсы біздің қаламыз. Тереңқұрды жасағаны керемет. Барлығымыз енді спортпен айналысамыз және балаларды әкелеміз», – деді қала тұрғыны Раиса Ермекова.

Алматыдағы оқушылар сарайының бағындағы көкмайса көлемі артады. Жаңа орындықтар мен жарық бағандары орнатылып, су бұрқақ қайта қалпына келтіріледі. Осылайша бұл жер алматылықтар демалатын жасыл-желекке оранған келбетті орынға айналмақ. Оқушылар сарайының  қалпына келтіру жұмысымен танысқан Бақытжан Сағынтаев жауапты басқармаларға осындай міндет жүктеді. Ал, аймақтағы құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттамаларын  жасауда қала тұрғындарының өтініш-тілектері ескерілген.

«Жөндеу жұмыстары кезінде бірінше кезекте жасыл-желекке зиян келтірмеуге, ағаштарды қорғауға тырысу керек. Мердігерлер барынша мұқият болуы тиіс. Жақын арада құрылыс кезіндегі нормативтік құжат қайта қаралып, күшіне енеді», – деді «KAZ ECO PATROL» республикалық маңызы бар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Елеусізов.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Мұхтар Әуезов атындағы театрдың жанындағы алаңға да барды. Енді өнер ордасының алдындағы су бұрқақ заманауи кейіпте қайта жөнделетін болды. Тротуар жабыны ауыстырылып, жасыл-желектердің саны көбейеді. Мегаполис басшысы аумақтың тарихи келбетіне нұқсан келмеуі керек екенін ескертті.

Әкім, сонымен қатар, бірқатар саябақтар мен өзен арналары және жүргіншілер аймақтарындағы жөндеу жұмыстарымен де танысты. Атап айтқанда, Әбілхан Қастеев атындағы мұражайы маңындағы фонтан қайтадан жөнделіп, оған жаңа рең беріледі. Себебі 1970 жылы салынған музей осы уақытқа дейін мүлдем жөнделмеген. Жүргіншілер жолдары мен орындықтар ескірген. Қала басшысы мұражайдың ауласын барынша ыңғайлы әрі ерекше талғаммен жасауды тапсырды. Себебі   бұл қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени ошақтарға жиі келуіне оң әсер етеді.  

Бұдан бөлек, Есентай өзенінен Жамақаев көшесіне дейінгі аралықтың абаттандырылуына қатысты тиісті мекеме жетекшілеріне бірқатар тапсырма берді. Себебі кейбір маңда жауын-шашыннан габион құрылымдары қирап қалған. Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев мердігерлерді жауапқа тартуды міндеттеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына аса берік материалдарды пайдалану керектігін ескертті.

Бұл маңға 350 жарық бағаны мен шағын сәулет нысандары қойылып, орындықтар орнатылады, көпірлер мен ойын алаңдары жасалады. Сөйтіп, бұл жер де келбеті келіскен көрікті саябақ болмақ. Мұндай өзгерісті қала тұрғындары асыға күтетіндерін айтты.

«Осы жерде жақсы өзгерістер болса, спорттық алаңдар салса, жасыл аймақтар көп болса, мен өте қуаныштымын. Өйткені осы жерге достарыммен жиі келіп тұрамын», – деді қала тұрғыны Әлжан Бекбергенов.

Айта кету керек, 14 сәуірде «Алматыны 2021 жылы дамыту: абаттандыру және көгалдандыру жобалары» атты онлайн-таныстырылым өткен еді. Жоба аясында өзен жағалаулары, саябақтар мен жүргіншілер жолағы қалай жаңартылатыны айтылған. Ал, абаттандыру жұмыстары кезінде әрбір тарихи нысанның мән-маңызы сақталады. Бұл жұмыстарды жасау барысында шаһардың орталығы мен шеткі аудандарына ерекше көңіл бөлінбек.  

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы