Құжаттардың 10 миллионнан астам парағы цифрландырылды
Алматы қаласының мемлекеттік архивіндегі құжаттардың 10 миллионнан астам парағы цифрландырылды. Техникалық тұрғыда күрделі жұмысты тез әрі сапалы іске асыру үшін мемлекеттік мұрағат материалдық-техникалық базаны жаңартып, құжаттарды қалпына келтіру зертханасын ашты. Осы мақсатта қалалық бюджеттен соңғы 10 жылда бірінші рет қаржы бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осылайша, Алматының мемлекеттік архиві планетарлық типтегі көпформатты жеті сканер, А3 және А2 форматындағы көп ағынды жеті сканер, объектілердің 3D интерактивті кескінін жасауға арналған жүйе, микрофильмге арналған COM жүйесін, микрофильм оқуға арналған жабдықты, кең форматты плоттерді, электр гильотинін, құжаттарды қалпына келтіруге арналған пресс жабдығын, жарық үстелін, қағаз және пергамент бетіндегі құжаттарды қалпына келтіруге арналған мультифункционалды жабдықты, сондай-ақ 110 моноблок пен 34 компьютер сатып алды.
«Қағаз құжаттарды цифрлық форматқа көшіру – уақыт талабы. Архивте қағаз бетіндегі және аудиовизуалды құжаттарды цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оны тек заманауи әрі мықты техниканың көмегімен жүзеге асыруға болады. Сондықтан қала әкімі Ерболат Досаев сала өкілдеріне үлкен қолдау көрсету бойынша бірқатар шешім қабылдады. Мәселен, соңғы екі жылда архивтегі материалдық-техникалық база жаңарып, мамандардың жалақысы 30%-ға өсті. Сондай-ақ мекемедегі стационарлық сөрелердің орнына мобильді сөрелер алынды. Сол арқылы құжаттарды қабылдау және сақтау орны кеңейді», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.