Алматы мешіттерінде ұжымдық Құрбан айт намазы оқылмайды

20.07.2021 14:32

Қауіпті індеттің өршуіне байланысты биыл Құрбан айт мерекесі онлайн түрде өтеді

Алматыда қауіпті індеттің өршуіне байланысты 2021 жылы Құрбан айт мерекесі онлайн түрде өтеді. Мерекеде ұжымдық намаз оқылмайды, имамдар үйде намаз оқуды ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv

«Бәйкен» мешітінің наиб имамы Нұрболат Дүйсебаевтің айтуынша, бұл шешім эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты екенін мәлімдеді. Құрбан айтқа құрбандық шалу қызметіне онлайн тапсырыс беруге болады.

«qurban2021.kz сайтында құрбандық шалу қызметіне тапсырыс беруге болады. Бұл жерде өңірді мысалы, Алматы қаласын таңдап, кімнің атынан жасалатын бағанды толтыру арқылы өз телефон нөміріңізді көрсету қажет. Содан кейін есеп жіберілетін болады. Құрбандық шалу тапсырыс берушінің атынан намаз оқумен өтеді», – деді Нұрболат Дүйсебаев.

Құрбандық шалуға арналған малдың бағасы Қазақстан бойынша шекті болып белгіленген: ұсақ малды 70 мың теңгеден, ал ірі қара малды 420 мыңға дейін сатуға рұқсат етілген.

«Бәйкен» мешітінің наиб имамы биылғы жылы онлайн форматта өтетін Құрбан айт мерекесінің себебін түсіндірді.

«Бүгінде коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылған адам көп. Сондықтан ұжымдық іс-шара өткізуге тыйым салынады. Санитарлық-эпидемиологиялық шектеулер қолданылады. Бұл мереке күндерін отбасыңызбен өткізген дұрыс, қабылданған талаптарға түсіністікпен қарау керек», – деп кеңес берді Нұрболат Дүйсебаев.

Алматыда 18 шілде күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 798 жағдай тіркелді. Соның 706-сы симптомсыз және 92-сі симптомды.

Инфекциялық стационарларда 2 878 адам бар, соның 209-ы бала.