Келесі жылға 18 жоба іріктеп алынды
Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша Алмалы ауданында 800 млн. теңге сомасына 39 жоба 100% орындалды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, автосуғару жүйесімен жабдықтау жұмыстары аяқталды. «АРО», «АЗТМ» 2 сквері, сондай-ақ Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін, Гагарин, Байтұрсынов көшесінен Шәріпов көшесіне дейін, Бөгенбай батыр және Абылай хан даңғылынан Наурызбай батыр көшесіне дейін, Қарасай батыр көшелеріндегі бульварлар кешенді түрде көгалдандырылды.
Сондай-ақ 8 қоғамдық және 21 аула орындары абаттандырылды. 1 спорт және 1 балалар алаңы, 1 иттерді серуендетуге арналған алаң, 3 көмілген қоқыс алаңы салынды,
2 алаңның резеңке жабыны жаңартылды және 21 аула жөнделді.
"2023 жылға дауыс беру қорытындысы бойынша берілген 171 ұсыныстың ішінен 800 млн. теңге сомасына 18 жоба алдын ала іріктеп алынды", - деді қала әкімі баяндамасында.