Биыл 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі
Қала әкімі Б. Сағынтаев алматылықтарды Қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы туған күнін тойлауда. Бұл әр адам үшін ерекше күн. Пандемияға қарамастан қала дамып келеді», – деп жазды қала әкімі facebook парақшасында.
Б. Сағынтаев айтуынша, биыл 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Мыңдаған алматылық баспаналы болады. Олардың ішінде 248 мыңнан астам немесе 4926 пәтер халықтың әлеуметтік осал тобына беріледі. 1013 көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үйге ие болады. Жұмыс істейтін жастар үшін 1050 жалдамалы пәтер қарастырылған.
Алматы жастар қалалық бағдарламасы бойынша — 1000 жеңілдетілген несие көзделген. Бұдан басқа жекелеген санаттар үшін «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны құюға 1 млн теңгеден 2 мың тұрғын үй сертификатын беру жоспарлаған.
«Жыл соңына дейін 16 мыңға жуық оқушыны қамтитын 31 білім беру нысанын пайдалануға береміз. 61 мектеп жанындағы спорт алаңдарын жаңартудамыз. 10 жабық спорт кешені салынуда», – деді Б. Сағынтаев.
Қаланы көгалдандыру бағдарламасы жалғасуда. Осы жылдың көктемінде 64 мың түп ағаш егіледі. Қазан айынан бастап тағы 350 мың ағаш отырғызылады. 22 саябақ пен сквер жөнделіп, жалпы ауданы 284 га болатын 8 жаңа саябақ аймағының құрылысы басталды.
«Біз бірге Алматыны әдемі, жайлы әрі әсем етіп көркейтеміз. Бүгін ортақ игілік үшін еңбек еткен әрбір жанға алғыс айтқым келеді! Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!» – деп жазды қала әкімі Б. Сағынтаев.