Біздегі Хаустар 10 мың адамның ішінен бүкіл әлем бойынша 2-3 орын алады – Б. Сағынтаев
Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев дарынды жастарға өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Бұл туралы қаласы әкімі instagram парақшасына жазды.
«Алматылық танымал тиктокер және продюсерлермен жастар бағытын қолдау мен оны дамыту мәселелерін талқыладық. Креативті индустрияны дамыту стратегиясы аясында дарынды жастардың өзін-өзі танытуы үшін жағдай жасайтын боламыз. Алматының төрттен бір бөлігі 18 жасқа дейінгі жастар екені белгілі. Жоғары оқу орындарында 168 мың студент, колледжде 68 мың студент білім алады», – деді Б. Сағынтаев.
Алматылық тиктокерлердің табысы – өз алдына бір бөлек әңгіме.
«Біздегі Хаустар 10 мың адамның ішінен бүкіл әлем бойынша 2-3 орын алады. Танымал Tik Tok Хаусер тиктокерлері мен продюсерлері тәжірибе алмасуға, дамуға, сондай-ақ жаңадан келгендердің шығармашылығын монетизациялауға көмектесуге дайын. Біз өз тарапымыздан жайлы жағдай жасауға немесе бейнебаян түсіруге ыңғайлы орын ұсыну бойынша қолдау көрсетеміз. Танымал Tik Tok жұлдыздарының қала өміріне атсалысып, Алматының туристік брендін қалыптастырып, дамытуға, барша әлемге сүйікті қаламыз туралы жар салып, қалалық қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге көмектесуге дайын екендігі қуантады», – деп жазды Бақытжан Сағынтаев.