Шараның мақсаты – «Жастар Отанға» бағдарламасының барлық мақсаттары мен міндеттерін таныстырып, түсіндірілу жұмыстарын жүргізу
Алматы қалалық «Jas Otan» Жастар қанаты co – working орталығында «Жастар Отанға» бағдарламасы аясында, Алматы қалалық «Nur Otan» партиясының төрағасының орынбасары Қайрат Әшірәліұлымен «Бәсекеге қабілетті жастар» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шараның мақсаты – «Жастар Отанға» бағдарламасының барлық мақсаттары мен міндеттерін таныстырып, түсіндірілу жұмыстарын жүргізу. Жастардың баспана, сапалы білім, жұмысқа орналасу сияқты мәселелері бойынша сұрақтарына жауап беру Алматы қалалық «Nur Otan» партиясының төрағасының орынбасары Қайрат Әшірәліұлы Бисембаев өз сөзінде:
««Жастар - Отанға» бағдарламасы - бұл жастарды табысты келешекке жетелейтін иделогиялық бағдар болып табылады. Бағдарлама жастарға жан – жақты қолдау көрсетіп, жағдай жасауға бағытталған. Өздеріңіз білетіндей, бағдарлама 5 бағытты қамтиды. Олар: азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау және қолжетімді баспана, тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу бағыттарынан тұрады. Жастардың қарқынды азаматтық белсенділігі мен жоғарғы білімі - дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі сыйлы мемлекетті қалыптастыруы қажет», – деді.
«Jas Otan» Жастар Қанатының белсендісі Динара Нұртайқызы:
«Жастарды қолдау – болашақтың іргетасын қалау. Қазақстанның болашағы – біз сияқты жастардың білімдері, күш-жігерлері мен патриоттық сезімдеріне байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі біздің алға қойған жоспарларымыз бен мүмкіндіктерімізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатырғаны белгілі. Ал «Жастар Отанға» бағдарламасы – жастарды табысты да, жарқын келешекке жетелейтін бағдарлама деп ойлаймын», – деді.
Осындай бағдарламалар жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып жатқан игі бастама екені сөзсіз. Әрі бұл жұмыстар бойынша белсенді жастарды қоғамдық өмірге белсене араластыруға ықпал ету маңызды міндеттің бірі саналады.