Әкім аудан тұрғындарын инженерлік инфрақұрылым жұмыстарымен таныстырды
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тұрғындармен тоғызыншы кездесуі Алатау ауданында өтті. Бұл – қала әкімінің Алатау ауданы тұрғындарымен екінші мәрте кездесуі. Ерболат Досаев ауданның дамуы мен тұрғындардың талап-тілектеріне байланысты атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Кездесуге 250 адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкім аудан тұрғындарын инженерлік инфрақұрылым жұмыстарымен таныстырды. Бүгінде Ақбұлақта – 28,74 км, Өжетте – 83,41 км және Самғауда – 37,46 км сумен жабдықтау желісінің құрылысы аяқталды. Олардың жалпы ұзындығы – 207 км.
Жыл соңына дейін Шапағаттың 1740 абоненті, Қарасудың 1829 абоненті және Алғабастың 500 абоненті су құбырына қосыла алады. Сондай-ақ Шаңырақ-1 шағын ауданында желілер құрылысын аяқтау жоспарда бар. Қалған шағын аудандар бойынша жұмыстарды аяқтау 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Ауданда желілерді іске қосу үшін 18 кәріз-сорғы станциясын салу қажет. Осы мақсатта Алматы қаласының әкімдігі жер телімдерін кезең-кезеңімен алуға ниетті. Қазір Шаңырақ-2 шағын ауданнан 4 учаске алынуда, бүгінде 3 учаскеде жұмыстар жүргізілуде.
Тағы бір өзекті мәселе – жол инфрақұрылымын дамыту. Ауданды аралау кезінде Шаңырақ-1 шағын ауданының тұрғындары әкімге орталық көше Өтемісұлына жөндеу жүргізу туралы өтініш білдірген болатын. Әкім жұмыс басталғанын, аяқталуы ағымдағы жылдың күзіне жоспарланғанын хабарлады.
Қараша айында Алғабастағы 7 шағын ауданда ұзындығы 53,3 км 47 көше бойынша орташа жөндеу жұмыстары аяқталады.
Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша 20 аялдаманың құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 50 аялдама салынады. Осылайша Алатау ауданында автобус аялдамаларының жетіспеушілігі мәселесі толығымен шешілуі тиіс.
Мектептерде оқушы орындарының тапшылығын төмендету үшін жыл соңына дейін Алатау ауданында 7800 орындық 5 жаңа мектеп салынады. Саялы-2 және Зерделі шағын ауданда әрқайсысы 550 орындық тағы 2 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Саялы-2 шағын ауданда құрылыс қыркүйек айында басталады. Зерделіде құрылыс жұмысы келесі жылдың наурыз айында басталады.
Сондай-ақ, әкім бүгінде инновациялық шығармашылықтың көпсалалы орталығының құрылысы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оған аптасына 5 мыңнан астам бала бара алады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы Саялы және Қарасу шағын аудандарында күніне 200 адамды қабылдайтын екі дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.
Бүгінде Алатау ауданында көпсалалы аурухана жоқ. Алматы қаласының әкімдігі диагностикалық және оңалту орталықтары бар перзентхананы қамтитын қалалық көпбейінді аурухана салу туралы шешім қабылдады. Келесі жылы ЖСҚ әзірленетін болады.
Қатты жауын-шашын кезінде жеке тұрғын үйлер мен ғимараттарды су басу өткір проблема болып қалып отыр. Осы мәселені шешу үшін жыл соңына дейін 81 көшеде 30 км арық желісі салынады. 6 су бұрғыш коллектор қалпына келтіріледі.
"Халықтық бюджетке қатысу" бағдарламасы аясында соңғы 2 жылда ауданда 60 бос учаске абаттандырылды. Биыл 1 млрд 800 млн теңгенің 36 жобасы жүзеге асырылуда, оның ішінде 24 жоба бойынша жұмыстар басталды. Барлық жобалар ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады.
Алматы әкімімен кездесу барысында тұрғындар жолдарды, кәріз және электр желілерін жөндеу, абаттандыру және т. б. мәселелерді көтерді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген халықпен кездесулердің жаңа форматына сәйкес жыл соңына дейін Ерболат Досаев халықпен 24 кездесу өткізеді, бір тоқсанда 8 ауданның тұрғындарымен бір-бір кездесу жоспарланып отыр.