96 құрылыс нысанын бұзуға қатысты талап арызды алматылық сот қарайды

07.06.2024 16:01

Алматыда жылжымайтын мүлік сатып алудан бұрын тұтынушылар нені білуі керек

elements.envato.com

Былтыр жыл басынан бері соттарға заңнама мен құрылыс нормаларының талабын бұзғаны үшін 230 талап арыз жолданды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қала  құрылысын бақылау басқармасына сілтеме жасап. 

Бұл ретте, 96 нысан толық немесе жартылай бұзуды талап етеді.

Бұзуға жататын нысандардың ішінде тұрғын үй кешендері (ТҮК) мен таунхаустар бар, міндетіне салғырт қараған құрылыс салушылар олардағы бірқатар пәтерді сатқан.

Көбінесе құрылыс салушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерге рұқсат талап етілмейтіндігін пайдаланады, бұл көбінесе бастапқы жылжымайтын мүлік нарығындағы күмәнді мәмілелерге ықпал етеді.

Бұл жағдайда тексеру мен сот талқылауын жүргізудің құқықтық нормасында белгіленген рәсімдерінің ұзақтығы міндетіне салғырт қараған жауапсыз құрылыс салушыға заңсыз нысанда пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың белгілі бір санын сатуға мүмкіндік береді.

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы жүйелі түрде БАҚ-та қала тұрғындарын құлақтандыру үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үй кешендері туралы ақпарат жариялайды.

Алайда жылжымайтын мүлік нарығындағы мәміледегі шығындарды болдырмау үшін құрылыс салушыдан толық рұқсат құжаттарын талап ету немесе Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 WhatsApp анықтамалық арнасы арқылы тиісті құжаттарының бар-жоғы туралы сенімді ақпарат алу қажет екенін ұмытпаған жөн. Қала құрылысы және урбанистика басқармасынан құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы туралы ақпарат алуға болады.

Егер тұтынушы жылжымайтын мүлікті заңсыз нысанда сатып алса, құрылыс салушы қаражатты қайтарудан бас тартқан жағдайда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне және құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгінуі керек.

Басқарма сонымен қатар осы нысандардың бірқатары неліктен жартылай салынғанын және олардың құрылысы бастапқы кезеңде қандай себеппен тоқтатылмағанын түсіндірді.

- Қазіргі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары құрылыс нысандарына кедергісіз бару құқығынан айырылды. Жоспардан тыс тексерулер ҚР Кәсіпкерлік Кодексімен регламенттеледі және тек ресми өтініш негізінде жүргізіледі. Осылайша, заңсыз құрылыс фактісін тіркеу және құрылыс салушыға шара қолдану үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу қажет, - делінді Басқармада.

Ресми өтініш алғаннан кейін материалдарды жинаудың және тексеруді ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің басқармасында тіркеу процесі жүреді. Тексеру қорытындысы бойынша бұзушылық анықталған жағдайда, оларды жоюға және құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға нұсқама беріледі.

Нұсқама мерзімі өткеннен кейін тексеру субъектісі нұсқама талаптарының орындалуы туралы ақпарат беруге тиіс. Егер бұзушылық жойылмаса, материалдар жұмыстарды тоқтата тұру және әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы процестік шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жіберіледі. Содан кейін нысанды бұзу туралы азаматтық тәртіпте сотқа талап арыз жіберіледі. Сот үдерістері нысанның көлеміне және істің күрделілігіне байланысты бірнеше айға созылады.

Айта кету керек, заңсыз құрылыс мәселесі Алматы әкімі Ерболат Досаевтың ерекше бақылауында. Қала басшысының тапсырмасымен мегаполис бойынша талап қою қызметінің нәтижесіне сәйкес, өткен жылдан бастап 35 заңсыз нысан толық немесе жартылай бұзылды, оның ішінде бизнес орталықтар, мейрамханалар, қосалқы ғимараттар мен автосервистер, сондай-ақ «Мечта» және KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.

Оқи отырыңыз: Қарағандылық үлескерлер үйсіз қалуы мүмкін