Алматыда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үйіне улы газды анықтайтын датчик орнатылды

09.03.2021 16:14

Олардың жұмыс істеу принципі – үйдегі адамдар күндіз немесе түнгі уақытта ұйықтап жатқанда көмірқышқыл газын сезбегенде датчик сигнал береді

Алматыда екі айдың ішінде 147 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 96-ы жеке сектордағы үйлерде болыпты. Басты себеп – тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осыған орай бүгін Түрксіб аудандық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары пеш жағып отырған үйлерді аралады. Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағдайы нашар тұратын үйлерге өрт жағдайының алдын-алуға мүмкіндік беретін газға арналған датчик орнатты. Мамандардың айтуынша, пештерін дұрыс орнатпайтын, бітеліп қалған мұржаларын дер кезінде тазартпайтын қала тұрғындары әлі де көп екен. Пешке таза ауа жеткіліксіз болғандықтан, үй ішінде улы газ жиналып, соңы қауіпті жағдайға әкеліп соғады.

«2021 жылдан бері 21 датчик орнатылды. Олардың жұмыс істеу принципі – үйдегі адамдар күндіз немесе түнгі уақытта ұйықтап жатқанда көмірқышқыл газын сезбегенде датчик сигнал береді. Соған сай, адамдар терезелерді ашып, үйді желдетіп, оқыс оқиға болған жағдайда үйден дереу шығып кету керек», – деді Түрксіб аудандық ТЖ басқармасының бас маманы Берік Қожамбердиев.