Алматыда биыл 10 апатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі

17.02.2021 16:18

Шаһар басшысы жөндеу жұмыстарының барысы міндетті түрде тұрғындардың сұрауларына сәйкес, ұсыныстарын назарға ала отырып жүргізілетінін атап өтті

Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тұрғындармен есептік кездесуі өтуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кездесу барысында Алатау ауданының тұрғыны Зерделі ықшамауданындағы апаттық үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді.  

Қала әкімі бұл мәселені жіті назарға алғанын, биылғы жылы апаттық жағдайдағы 10 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін айтты.

«Мен бұл мәселе бойынша өздеріңізбен жиі кездесіп отырдым. Осы өткен екі-үш апта бұрын тағы барып қайтқан болатынмын. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алдым. Биылғы жылдың соңына дейін 10 үйді қалыпқа келтіреміз. Қалған үйлерді жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, шаһар басшысы жөндеу жұмыстарының барысы міндетті түрде тұрғындардың сұрауларына сәйкес, ұсыныстарын назарға ала отырып жүргізілетінін атап өтті.

Бүгінгі күні берілген қорытындыға сәйкес (№1/180, 1/160, 1/161, 1/165) үйлердің іргетасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді, №1/167, 1/168 үйлер бойынша жұмыстар қолға алынды. Үйлердің іргетастарының негізін нығайту жөніндегі жұмыстар аяқталған соң қасбеттер сырланады және тұрғын үйлердің кіреберістері жөнделеді.

2016 жылдан бері барлығы 13 тұрғын үй нығайтылды, 17 үй бойынша ұсынымдар алынды, осыған сәйкес 2021-2022  жылдары нығайту жұмыстары жүретін болады.

Еске салсақ, бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың екінші есеп беру кездесуі пандемияға байланысты онлай форматта өтуде. Сұрақтар қоюға ниет білдіргендердің барлығына 1308 бірыңғай желі телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ, сұрақтарды Whatsapp 8 777 046 33 33 нөміріне жіберуге немесе әлеуметтік желілердегі есеп беру кездесуінің трансляциясы бойынша түсініктемелерде қалдыруға болады. Тұрғындар өз сұрақтарын эфир кезінде қолжетімді болатын ZOOM көмегімен де қоя алады. Сонымен қатар, сегіз ауданда тұрғындар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, өз сұрақтарын қоя алатындай арнайы орындар қарастырылды. Онлайн көрсетілім Facebook және қалалық әкімдіктің, "Алматы" арнасының, OpenAlmaty және StopCOV сайтында көрсетіледі.