Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты
Алматыда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың мемелекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Әуезов ауданыда 97 көпқабатты үйде 190 лифт жаңартылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жыл басынан бері 8 үйдің жалпы пайдалану орындары жөнделді және 97 үйде 190 лифт ауыстырылды. Жыл соңына дейін 8 үйдегі 12 лифтіні қосымша ауыстыру және 32 үйдегі жалпы пайдалану орындарын жөндеу жоспарлада», - деді қала әкімі.
Сонымен қатар, ол аудан бойынша тұрақты су басудың 5 учаскесі анықталғанын атап өтті.
«Бүгінгі күні екі учаске жойылды, 2022 жылдың соңына дейін қалған үш учаске бойынша жұмыстар аяқталады. Ол үшін Момышұлы көшесінде диаметрі 1 метр және ұзындығы 2,1 км жаңа су бұру каналы салынады, сондай-ақ Жұбанов, Қабдолов, Өтеген батыр көшелеріндегі ұзындығы 3,5 км коллектор қалпына келтіріледі. Бұдан басқа, 2023 жылдың соңына дейін ұзындығы 44 шақырым 67 көшеде арық желілері салынып, қайта жаңғыртылатын болады»,- деді қала әкімі Ерболат Досаев.