Құрылыс саласының одағы: Жаңа ережелер Алматы тұрғындарының талабына сәйкес келеді

04.06.2021 16:48

Құрылыстың шарттары әлеуметтік инфрақұрылыммен кешенді қамтуды көздейді

Almaty.tv

Жаңа құрылыс ережелері әлеуметтік инфрақұрылыммен кешенді қамтуды қарастырды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифинг барысында ҚР  Құрылыс саласы одағының басқарма төрағасы Ералы Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Алматы ӨКҚ алаңында сөз сөйлеген Е. Сауранбаев жаңа құрылыс ережелеріне сәйкес тұрғын және тұрғын емес ғимараттар қаланың магистралдық көшелерінің қызыл сызықтарынан кемінде 6 метр, жергілікті маңызы бар жолдардан кемінде 3 метр орналасатын болады. Бұл шешім жалпы қауіпсіздік пен алаңдарды көгалдандыруға мүмкіндік береді.

«Құрылыстың шарттары әлеуметтік инфрақұрылыммен кешенді қамтуды көздейді. Жобалау кезінде балабақшалар, мектептер, емханалар, учаскелік полиция пункттері қаралатын болады. Әлеуметтік нысандар қолжетімді болуы тиіс», – деді Е. Сауранбаев.

Әрі қарай ол сәулет талаптары жайлы айтты. Мысалы, жаңа ережелерде қала аумағындағы ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттері қала сапасының эстетикалық сипатын көрсетуі тиіс деді.

«Қасбеттегі терезелер мен витриналардың болуы, олардың өлшемдері, сыртқы көрінісі мен түсі ғимараттың техникалық құжатына сәйкес болуы керек. Кіру топтары құрылымның сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жобалау құжатының талаптарына сәйкес болуы тиіс», – деп хабарлады Е. Сауранбаев.

ҚР Құрылыс саласы одағы басқармасының төрағасы құрылыстың жаңа ережелері қала тұрғындары, әкімдік пен құрылыс салушылар арасында ортақ келісімге келуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Алматы әдемі, жайлы және қауіпсіз қала болуы  тиіс», – деді Е. Сауранбаев