Алматыда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мегаполис тұрғындарына орталықтандырылған су беру үшін 4 жаңа су жинағышты жобалау мен салу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының қатысуымен Алматы қаласын дамыту жөніндегі жиында атап өткендей, жобалық қуаты тәулігіне 15 мың м3 болатын, 50 мың тұрғынды қамтитын «Қарғалы» су жинағыш бойынша жұмыстар 2020 жылдың наурызында басталды.
- Мердігерлік компанияның жұмысына байланысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылды. Осы жылдың маусымында «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен бірлесіп салынған резервуарларды толтыру бойынша тестілік сынақ өткізіліп, тесіктер анықталды. Мердігер қазір ақауды реттеп жатыр, жоба күзде аяқталуға тиіс, - деді Ерболат Досаев.
Наурызбай ауданының батыс бөлігінің 100 мың тұрғынын қамтитын, жобалық қуаты тәулігіне 22 мың м3 болатын «Ақсай» су жинағышына келсек, бұл жұмыстар 2022 жылдың тамызында басталды. Бірақ материалдар мен құрал-жабдықтың қымбаттауына байланысты бүгінде жобаның ЖСҚ-ға түзетулер енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2023 жылдың 4 тоқсанында қайта жалғастырып, 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланған.
- Жобалық қуаты тәулігіне 9 мың м3, 22 мың тұрғынды қамтитын Ерменсай» су жинағыштың қазіргі уақытта құрылыс алаңын ауыстыруға байланысты ЖСҚ түзету аяқталып келеді. Бұл жобаны 6,5 млрд теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік береді. Құрылыс 2024 жылғы 2 тоқсанында басталады. Су жинағышты 2025 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр, - деді қала басшысы.
Ал қуаттылығы тәулігіне 43 мың м3 «Барлық» су жинағыш қосымша 80 мың тұрғынды қамтуға мүмкіндік береді. Ол бойынша ТЭН әзірлеу басталды, жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Су жинау 12 жаңа ұңғыманың арқасында жер асты көздерінен су жинайды. Әкімнің пікірінше, аталған нысандардың уақытылы аяқталуы Алматының 250 мың тұрғынын сапалы сумен үздіксіз қамтамасыз етуге жол ашады.