Алматыда тағы бір инфекциялық клиника салынады

23.07.2020 17:10

Қазір мамандармен, бас дәрігерлермен ол клиниканы қай жерге салу мәселесін талқылап жатырмыз

rg.ru

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев күзге қарай мегаполисте коронавирусты емдеуге арналған тағы 1000 орын әзірленетінін, сонымен қатар, коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін медициналық күшті арттыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Бұл туралы «Алматы» телеарнасында өткен Akimat Live бағдарламасы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

«Бұған дейін ЖЭО маңында модульді жұқпалы клиниканы салған едік, енді тағы қысқа мерзімде тағы сондай клиниканы салу шешімі қабылданды. Оған қажетті қаражатты біз таптық. Қазір мамандармен, бас дәрігерлермен ол клиниканы қай жерге салу мәселесін талқылап жатырмыз. Оны көпсалалы аурухананың немесе жұмыс істеп тұрған модульді клиниканың жанынан салу жөнінде пікірлер айтылып жатыр. Бүгін тағы жиналыс болады, сол жерде нақты шешім қабылдап, оны қыркүйектің 10-17 дейін тапсыруымыз керек», – деді Бақытжан Сағынтаев.  

Сонымен қатар, Сағынтаевтың айтуынша, түркиялық құрылыс компания 2 қонақ үйді клиника етіп жабдықтауға дайын екендіктерін жеткізіпті. Тек ол үшін лицензия қажет екен.

«Біз кеше келісімге келдік, оларға қажетті шешім беріледі. Екі қонақ үйдің базасында 215 орынды ковидті клиника пайда болады», – деді әкім.