Алматыда мүгедектерге ыңғайлы болу үшін жерүсті өткелдеріне арнайы лифт қойылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген Әуезов ауданының тұрғыны жол үсті өткеліндегі көтергіштердің жұмысына шағымданды.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша Әуезов ауданының әкімдігіне жолдың үстінен өтетін өткелдегі көтергіштердің кілтін бергендері үшін алғыс айтамын. Бірақ, өкінішке орай, бұл көтергіштердің жұмысы өте баяу әрі шулы. Мен бірінші топтағы мүгедек баламмен көшеде жиі серуендеймін. Сол кезде осы мәселелер бізге қиындық тудырып жатады», - деді мүгедек баланың анасы.
Бұл сауалға Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов жауап берді. Айтуынша, көтергіштер техникалық талапқа сай баяу қозғалады.
«Жолдың үстінен өтетін өткелдегі көтергіштердің кілті бәріне берілген. Енді техникалық мәселелер туындады. Көтергіштер баяу жұмыс істейді, жоғары қарай 5 минутта шығарады. Сондықтан, мәселені шешу үшін біз қалалық мәслихатқа өтініш бердік. Көтергіштерге лифт жасау керек. Жобасын дайындап, ендігі жылы қарастырамыз», - деді аудан әкімі.