Алматыда 2021-2025 жылдар аралығында 15 мемлекеттік және 324 жекеменшік балабақшаның құрылысы жоспарланған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға қарай алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 100%-ды құрауы тиіс. Осы көрсеткішке қол жеткізу үшін Алматы қаласында көптеген жобалар әзірленуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн – брифинг барысында Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айсұлу Ботаева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқан жүйелі шаралардың арқасында мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы мәселесі шешілуде. Мысалы, 2020 жылы Алатау, Алмалы, Түрксіб және Бостандық аудандарында 670 орынға шақталған төрт мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Сонымен бірге, 1378 орындық 48 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Сондай-ақ, мемлекеттік балабақшаларды қайтару бойынша шаралар қарастырылған. Қазіргі уақытта Әуезов ауданындағы «Сказка» балабақшасының ғимараты жалға беруден қайтарылды. 2021 жылы 320 орынға есептелген он төрт топтан тұратын мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда.
«Алматы қаласында балабақша кезегін азайту үшін соңғы 3 жылда 1950 орынға арналып 10 мемлекеттік балабақша салынды. Жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерді ашу үшін барлық жағдай жасалуда және соңғы 3 жылда 9368 орынға арналған 380 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды», — деп атап өтті Айсұлу Ботаева.
Алматыда 2021-2025 жылдар аралығында 15 мемлекеттік және 324 жекеменшік балабақшаның құрылысы жоспарланған.
Бүгінгі күні Алматыда 65 080 бала контингентін қамтитын 824 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде: мемлекеттік балабақшалар — 189, жекеменшік балабақшалар — 399, шағын орталықтар-236. 2020 жылы бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 63,5% — ды, бұл ретте үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды қамту-89,4%-ды құрайды. Сонымен қатар, мемлекеттік жеке серіктестік аясында қалада 1751 орынға шақталған 31 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 397 жеке балабақшада 20441 орынға орналастырылған.
Атап өтетін жайт, мемлекеттік балабақшаға жолдама алу үшін balabaqsha.open-almaty.kz электронды жүйесі қолданылады. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап мектепке дейінгі санаторийлік және түзету ұйымдарына жолдама беру және қою (орнату) процесі автоматтандырылды, тәрбиеленушілердің сабаққа қатысуының электрондық табелі жүргізілуде, бұл мемлекеттік білім беру тапсырысын жүзеге асыру кезінде бұзушылықтардың алдын алады. 2021 жылға қарай электрондық мәзірін, сондай-ақ балалардың ептіліктері мен дағдыларына мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесін әзірлеу жоспарланған.