Әуезов ауданының тұрғыны қала әкімінен құрылыс кезінде қала тарихын сақтап қалуды сұрады
Алматы әкімі Ерболат Досаев Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуінде ескі панельді үйлерді бұзуға қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әуезов ауданының тұрғыны қала әкімінен құрылыс кезінде қала тарихын сақтап қалуды сұрады.
«Егер қалада жаңа тұрғын үй салуға және тағы басқасына рұқсат берілсе орталыққа тиіспеңіздер, өйткені бұл біздің тарихымыз, алматылық ретінде мен үшін өте маңызды», – деді Алматы тұрғыны.
Өз кезегінде Ерболат Досаев тұрғынға ұсынысы үшін алғысын білдіріп, былтыр құрылысқа қатысты жаңа нормалар қабылданғанын атап өтті.
«2018 жылдан бастап қаланың нүктелі және тығыздығын шектейтін нормалар қабылданып жатыр. Жаңа жобалардың барлығы Алматы қаласының қала құрылысы кеңесінде қаралады. Орталықты қазіргі қалпында сақтаймыз десек, онда 1960, 1940 жылы салынған коммуникациялармен өмір сүріп жатқан адамдарды ұмытпауымыз керек. Біз тарихи келбетті барынша сақтауға тырысамыз, бірақ модернизация сөзсіз жүзеге асады, өйткені адамдар басқалар сияқты өркениеттің барлық игілігін қолданғысы келеді», – деді Е. Досаев.
Айтуынша, панельді үйлерді жаңарту мүмкін емес, оларды бұзу керек.
«Кезінде Алматы үй құрылысы комбинаты салған бұл үйлер тарих, бірақ оларды бұзу керек деп ойлаймын. Өйткені 25 жылдан астам уақыт бойы біз өскен ықшамаудандардағы панельді үй ұзаққа төтеп бере алмайды. Тіпті ол үйлердің қабырғасына дюбельді де қаға алмайсың. Қала жаңартылады, тарихи келбетін сақтаймыз, бірақ жаңарту бағдарламасы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту толығымен жүзеге асады», – деді Ерболат Досаев.