Алматыда жыл соңына дейін спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Жетісу, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында алты денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау жүйесі мен білім беруді дамыту және модернизациялау туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту мақсатында биыл Алматыда балаларға жедел медициналық көмек көрсету Орталығының ота жасау блогы қабылдау бөлімінің жаңа корпусын салу жоспарланып отыр.
Құлжа трактісінде ауруханалық кластерді дамыту жоспарлануда, мұнда Онкологиялық орталық пен ЖҚТБ орталығы бар паллиативті көмек Орталығы салынатын болады.
Медициналық қызметтердің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл әрқайсысы 200 келушіге арналған төрт отбасылық-дәрігерлік амбулатория салу жоспарланды.
Алматының медициналық ұйымдарында кадр тапшылығын жою жобасы мақұлданды. Өте тапшы медициналық мамандықтар бойынша резидентурада оқу үшін 120 грант бөлінеді. Біліктілікті арттыру аясында 5 айда 1253 дәрігер мен мейірбике, сондай-ақ вакциналау орталықтарында жұмыс істейтін мыңға жуық еріктілер – студенттер, интерндер мен резиденттер білімдерін жетілдірді.
Медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында көтермелеу төлемдері мен жалақыға үстеме ақы белгіленді, сонымен қатар жас дәрігерлердің «Алматы жастарына» қатысуына мүмкіндіктері бар.
Алматыда білім беру саласында 278 мектеп бар, оның 207-сі мемлекеттік, 71-і жеке меншік, бұларда барлығы 288 887 оқушы оқиды. Биылғы оқу жылында 11,5 мың түлек мектеп бітірді. 900 түлек үздік аттестат, 621-і «Алтын белгі» алды.
Қолжетімді орта білім беру үшін 12,6 мың орынды сегіз мемлекеттік мектептің, 1,7 мың орынды алты жеке мектептің, 8 263 орынды 17 жаңа мектептің құрылысы жүруде, сондай-ақ төрт мектеп сейсмикалық нығайтылуда. Бұл шаралар жыл соңына дейін 21 мыңнан астам жаңа оқушы орын құруға мүмкіндік береді.
Мектепке дейінгі білім беру саласында 65 962 баланы қамтыған 832 мекеме бар. Орын тапшылығын азайту жұмысы жалғасуда, қазіргі кезде 640 орынды төрт мемлекеттік балабақша салынуда. Бұларды жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Жыл басынан бері 1,7 мың орынды 30 жеке мектепке дейінгі мекеме ашылды. Жыл соңына дейін 5 мың орынды тағы 35 жеке балабақша ашу жоспарлануда. Мемлекеттік тапсырыста 20 441 орынды 397 мектепке дейінгі мекеме қарастырылған.
Жыл соңына дейін 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 91%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінгіде 89,7% құрайды.
Балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуы үшін қосымша білім беру аясын кеңейтудің тетіктері іске асырылып жатыр. Мәселен, Алматыда мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыру жобасы жүзеге асырылады. Бұл 4 пен 17 жас аралығындағы балаларға спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік береді.
Биыл 4,2 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді тегін үйірмелермен қамту жоспарланып отыр. Жан басына шаққанда қаржыландыру аясында 4,5 мың адам спорттық секцияларға тегін қатыса алады.
Алматыда жыл соңына дейін спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін Жетісу, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында алты денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Әрқайсысы тәулігіне 5 мыңға жуық адамды қабылдайтын болады.