Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының мамандары мен сараптамалық қоғамдастық өкілдері баспасөз турдың барысында Баум тоғайындағы орманды қалпына келтіру және апатты ағаштарды жоспарлы түрде іріктеп санитарлық кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
2021 жылы «Медеу» МӨТП табиғи экожүйелердің қазіргі экологиялық жай-күйін бағалау және олардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ұсынымдар әзірлеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді, оған төрт ғылыми-зерттеу институты қатысты - Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, «Зоология институты» ШЖҚ РМК, «Қазэкопроект» ЖШС, «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК. Ғалымдардың зерттеулері жасыл кеңістікті түгендеу, Баум тоғайының фаунасын зерттеу, топырақты зерттеу, табиғи ескерткіштің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірледі. Зерттеу нәтижелері бойынша Баум тоғайының түрлік құрамы мен негізгі зиянкестер және аурулар анықталды, өлген және апатты ағаштардың 6560 данасы және әлсіреген ағаштардың 1713 данасы тіркелді. Ағаштардың құлауы мен қурауы олардың аурулары мен өсу мерзіміне байланысты.
Одан бөлек, ғалымдар Баум тоғайында келесі зиянкестерді анықтады: қарағаш шегірткесі (Kyboasca bipunctata), шегіршін шегірткесі (Edwardsiana plebeja orientalis), қарағаш көбелегі (Exaereta ulmi), қараған жалған қалқаны (Parthenolecanium corni Bouche), көктерек қоңызы (Saperda populnea), Калифорния қоңызы (Quadraspidiotus perniciosus Comstock), Шығыс жеміс жемірі (Grapholitha molesta Busck). Бұл зиянкестер жаппай көбейген кезде онсыз да әлсіреген тоғай екпелеріне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Аурулардың ішінде діңнің шірігі, емен ұнтақты зеңі (Microsphaera alphitoides) және терек жапырағының тоты (Melapsora larici populina) жиі кездеседі.
Мамандардың айтуынша, Баум тоғайындағы көптеген ағаштар зиянкестер мен аурулардың көбеюіне алып келеді, бұл жас екпелерге қауіп төндіреді. Сонымен қатар мұндай ағаштар жел соққанда, жаңбыр жауғанда, өз ауырлығынан құлайды, бұл келушілер үшін де қауіпсіз емес.
«2023 жылы «Медеу» МӨТП-нің күшімен ҒЗИ қызметкерлері және сарапшыларымен бірлесе отырып, одан әрі орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, авариялық, қурап қалған, құрғақ шыңдалған, аурудан зардап шеккен ағаштарды жоспарлы іріктеп санитарлық кесу жұмыстары басталған болатын. Бүгінгі таңда Баум тоғайында 1 663 апатты ағаш кесілді, іріктеп санитарлық кесу жұмыстарын 2026 жылға дейін жүргізу жоспарлануда», - деді Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.
С. Әділбаев атап өткендей, 2023 жылы басқарма ағаштардың санитарлық жағдайын дәл анықтау үшін заманауи диагностикалық аппараттар - резистографтар мен томографтар сатып алғанын, олар апатты, зиянкестерден, аурулардан және ауру ағаштарды кесу кезінде пайдаланылатынын атап өтті.
Анықтама: «Баум тоғайы» өзінің шығу тегі бойынша жасанды түрде құрылған орман алқабы болып табылады, Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 20 желтоқсанындағы қаулысымен қаланың коммуналдық меншігіне («Медеу» МӨТП балансына) берілді.