Алматыда 2030 жылға қарай 5 полиорталықтар құрылатын болады

12.09.2022 18:18

Полиорталықтарды дамытудың негізі ретінде тарихи орталық алынады, өйткені ол қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен туристер үшін тартымды

krot.info

Алматыда бір орталықтың орнына «Солтүстік», «Батыс», «Оңтүстік-батыс», «Шығыс қақпасы» және «Тарихи орталық» сияқты бес орталық пайда болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала халқының басым бөлігі соларда тұрады деп болжануда. Бұл туралы «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі негізгі басымдықтар» құжатында айтылған.

Полиорталықтарды дамытудың негізі ретінде тарихи орталық алынады, өйткені ол қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен туристер үшін тартымды.

Мысалы, «Солтүстік» полиорталығы – жоба бойынша Алматы-1 теміржол станциясына іргелес аумақта орналасатын болады. Өндіріс пен базарларды осы аймақтан алып тастау ұсынылады. Бұл ретте аумақтардың бір бөлігі рекреация мен көгалдандыру (ҮАК бойы, Баум тоғайы) үшін пайдаланылатын болады. Бұдан басқа, полиорталықта қызмет көрсету саласы белсенді дамиды.

«Шығыс қақапасы» полиорталығы Талғар және Құлжа трактілері аумағында  құрылады әрі әуежай ауданындағы логистикалық хаб пен көрме-ойын-сауық орнына айналады.

«Батыс» политорталығын Саин және Рысқұлов даңғылдарының қиылысынан солтүстік-батысқа қарай дамыту жоспарланған. Оның аумағында индустриялық кәсіпорындар, көлік-логистикалық хаб орналасады.

«Оңтүстік-батыс» полиорталығы Райымбек даңғылы мен ұзаратын Алатау көшесінің қиылысында орналасады. Бұл жерде шағын-өнеркәсіптік парктер, сауда және логистика объектілерін орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, ол агроөнеркәсіптік өңдеу объектілерімен, сауда-логистикалық кешендермен және әкімшілік-іскерлік орталықтармен толықтырылатын болады.

«Тарихи орталық» Алматының өзегі болып қала береді. Мұнда инфрақұрылым, қызмет көрсету саласы және туристік бағыттар одан әрі дамитын болады. Елді мекендердің теңгерімді және тиімді тығыздығын және ауданды қоғамдық, коммерциялық және басқа объектілермен толтыруды ескере отырып, полиорталықтарды дамыту экономикалық белсенділіктің өсуіне және көшелердің әлеуметтенуіне ықпал етеді.

Бұл ретте барлық аудандар ықпалдастық пен көшелер желісінің байланысы есебінен бір-бірінен және тарихи орталықтан оқшауланбайды. Керісінше, қала тұрғындары қаланың кез-келген жеріне оңай бара алады.

Мұндай қозғалыстардың дәліздері тасымалдау, сауда, мәдени демалыс, ойын-сауық және т.б. салалардағы бизнес үшін тартымды болуы мүмкін. Экономикалық мамандандыруды ескере отырып, полиорталықтар құрылымын қалыптастыруды 2030 жылға қарай аяқтау жоспарлануда.