Б. Сағынтаев жасыл желектерді суаруға бақылауды күшейтуді тапсырды

06.05.2021 18:38

Алматыда биылғы көктемде 50 мыңнан астам ағаш отырғызылды

inform.kz

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде мегаполистегі көгалдандыру мен көшеттерді күтіп ұстаудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда биылғы көктемде 50 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Жақын арада тағы 15 мыңға жуық көшет отырғызылады. Жалпы, биыл күзгі маусымда Jasyl Almaty бағдарламасы аясында қаланың жасыл қорын 290 мың ағашқа көбейту жоспарлануда.

Мысалы, қала әкімі Б. Сағынтаевтың жұмыс сапарының бірінде айтылған әрі Алатау ауданының Нұркент және Ақбұлақ шағын аудандары тұрғындарының тілектеріне сай Рысқұлов даңғылы бойындағы бөлу жолағы жасылдандырылады, мұнда 650 қарағаш отырғызылатын болады.

Жетісу ауданының Көкжиек шағын ауданында 8 450 ағаш отырғызылды, оның ішінде пирамидалы терек, күміс терек, сондай-ақ жеміс ағаштары – «алтын керемет», «американка», «лимонка» сынды алма ағаштары мен Никитинский өрігі.

«Жасыл аула» акциясы аясында 109 мекенжай тұрғындарына 1500 жапырақты көшет таратылды. Тұрғындар отырғызу және күту ережелері жазылған брошюралар алды, сонымен қатар отырғызылған көшеттерді күтуге кепілдік берді.

Кеңес барысында Алматы әкімі Б. Сағынтаев жасыл желектерді күтіп ұстауға бақылауды күшейтуді, көшеттер мен бұрыннан бар ағаштарды, сондай-ақ гүлзарлар мен газондарды қандыра суаруды тапсырды.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап аумақтарды көгалдандыру кезінде гүлдердің көпжылдық түрлеріне баса назар аударылды. Биылғы көктемде гүлзарлар мен клумбаларды жасағанда көпжылдық өсімдіктердің жалпы алаңы 42% -ға жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30% -ға артық. Келер жылы көпжылдық өсімдіктердің үлесін 55%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Ол үшін раушан, гортензия, лаванда және басқа гүл түрлері өсірілетін болады.

Б. Сағынтаев қалалық кеңістікті көгалдандыру кезінде ландшафтты дизайн жөніндегі мамандардың ұсынысын ескеру қажеттігіне назар аударды.