Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады
Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсыныстарын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Бекбол Рамазан алматылықтарды қаланы бірге дамытуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өздеріңізге белгілі 2022 жылдың 27 маусымында қала әкімі Ерболат Досаев Алматы қаласының 2025 және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді даму жоспарларының жобасын, қала жұртшылығына талқылауға ұсынған болатын. 46 беттен тұратын қаламыздың дамуына бағытталған презентацияны толықтай оқып, танысып шықтым. Оңтүстік астанамызға айналған Алматы шаһарын бірге дамытайық!» - деді Бекбол Рамазан.
Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».
Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.