Ер есімі - ел есінде: Биыл Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрін еске алудан басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өшпес ерлікке мәңгі тағзым. Алматыда Отан қорғаушылар мен Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрін еске алудан басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығы және Қазақстан қарулы күштерінің құрылғанына 32 жыл толуына орай әскери қызметкерлер армия генералы тұрған үйдің жанына гүл шоғын қойды. Салтанатты рәсімге Қазақстан қарулы күштерінің ардагерлері, Алматы өңірлік гарнизонының қызметкерлері, әскери оқу орындардың курсанттары мен Сағадат Нұрмағамбетовтың туыстары қатысып, жылы естеліктерін бөлісті. Батырдың немересі Айжан Нұрмағамбетова атасының «парыз, ар-намыс пен ерлік» ұғымын бәрінен биік қойғанын атап өтті.

– Ол кісінің мінезі тік, бізді де тәртіпті, адал болуымызды талап ететін. Бірақ қанша жерден қатал болса да, жүрегі жұмсақ. Өзі тұрған үйдің қабырғасына ілінген мемориалды тақтаға әдемі жазу жазылған. «Міндет, абырой, ерлік». Менің атам осы үш қағидатты өмірлік ұстанымы етті, – деді С. Нұрмағамбетовтың немересі Айжан Нұрмағамбетова

Сағадат Қожахметұлы тұрған үйге гүл шоғын қою рәсімінен кейін гарнизон әскери қызметшілері батырдың ерлігі мен еңбегіне құрмет көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті. Іс-шара әрі қарай 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында жалғасты. Онда Алматы өңірлік гарнизонының басшылығы мен Қарулы күштердің ардагерлері Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, әскерилер тағы бір мәрте салтанатты маршпен жүрді.

Айта кетейік, биыл 25 мамырда Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толады. Армия генералының ізбасарлары «Қазақстан қарулы күштерін құруда зор еңбегі сіңген соғыс ардагерінің ерлігі – жастарға үлгі-өнеге, халқына мәңгі мұра болмақ» дейді.

– Біздің дәстүр – гүл шоғын қою. Біріншіден, осы кісіге, еңбегіне құрмет білдіру. Ол кісі 19 жасында Кеңес Одағының батыры болды. Қарулы күштердің құрылуына атсалысып, оны сақтап қалған атамыздың есімі ешқашан өшпейді. Біз жастар сенеміз! – деді қалалық Десанттық-шабуылдаушы бригадасының командирі Данияр Карманов.

Оқи отырыңыз: Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

Новости партнеров