Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов онлайн бирфинг барысында айтты
Алматыда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құны 94 млрд теңге болатын 55 жоба қаржыландырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін бұл туралы онлайн брифингте қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов мәлімдеді. Сөзінше, президент зардап шеккен бизнесті көтеру үшін 6 пайызға дейін мемлекеттік субсидия бөлуді тапсырған. Қолдау сауда, көлік, туризм, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар және қонақ үй салаларына көрсетіледі. Субсидия төтенше жағдай жарияланған күннен бастап 12 ай кезеңін қамтиды.
«Отандық бизнесті қолдау мақсатында Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, www.otp.kz порталын іске қосты. Қазіргі таңда бұл порталды қаламыздың 12 мыңнан астам товар позицияларын өндіретін және индустриялық сертификаттары бар 512 алматылық компания енгізіп отырмыз»,– деді қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.
Сондай-ақ, Алматыда «Бастау-бизнес» жобасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Оның негізгі мақсаты - кәсіпкерлік негіздерін оқыту. Қысқа курсты сәтті аяқтағандарға бизнесін бастау үшін 200 айлық есептік көрсеткіш көлімінде грант беріледі. Маусым айынан осы курсты қалада 2300-ге жуық тыңдаушы аяқтады. Биыл жалпы 1705 грант бөлінді. Қазір 327 адам кәсібін дөңгелетіп жүр.